Accessibility links

Шымкентте атыстан бір адам қаза болып, бір адам ауыр жарақаттанды


Жедел жәрдем қызметінің мамандары. Көрнекі сурет.
Жедел жәрдем қызметінің мамандары. Көрнекі сурет.

Шымкенттегі Теріскей шағын ауданындағы мейрамханалардың бірінде атыс болып, бір адам қайтыс болды. Тағы бір адамның жағдайы ауыр. Бұл ақпаратты 11 тамыз күні Азаттыққа қалалық полиция департаменті мен денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Қалалық полиция департаменті 10 тамыз күні түнде атыс болғанын, оқиға кезінде бір адам алған жарақатынан қайтыс болғанын растады.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қазметінің мәліметінше, 10 тамыздан 11 тамызға қараған түні оқиға орнынан жедел жәрдем қызметі қалалық аурухананың жан сақтау бөліміне екі аяғы мен омыртқасына оқ тиген 35 жастағы азаматты алып келген. Жарақатынан бөлек оның іш құрылысына да соққыдан зақым келген. Науқасқа үш сағаттан аса уақыт ота жасалған. Қазір оның жағдайы ауыр. Дәрігерлер қосымша ота жасауды жоспарлап отыр.

10 тамыз күні түнде жергілікті басылымдар куәгерлердің сөзіне сүйеніп мейрамханадағы атыс туралы ақпарат таратқан еді. Онда полициядан бөлек мейрамхананы арнайы жасақ күзетіп тұрғаны айтылады. Жергілікті аймақ басылымдары күдіктінің ұсталғанын хабарлады, бірақ бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Соңғы мәлімет бойынша, полиция оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" және "Қаруды заңсыз сақтау, алып жүру және тасымалдау" бабымен іс қозғап, тергеу басталған. Күдіктілер анықталған, іздеу жұмыстары жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG