Accessibility links

Өткен тәулікте 691 адамнан коронавирус инфекциясы табылды


Медицина қызметкерлері.
Медицина қызметкерлері.

Қазақстанда өткен тәулікте 691 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бір күнде коронавирустан 22 адам қайтыс болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда – 143, Алматыда – 97 адамнан коронавирус табылған. Алматыда ұзақ уақыттан бері алғаш рет жүзден аз көрсеткіш тіркеліп отыр. Бұл екі қала вирус жұқтырғандар саны жағынан (екеуінде де 13 мыңнан асады) республикада алда тұр. Қалған қалалар мен облыстарда олардың саны 10 мыңға жетпейді. 11 тамызда ең төменгі көрсеткіш Шымкент (7) пен Қызылорда облысында (9) тіркелген.

Елде коронавирус жұқтырғандар 100 855 адамға жетті. Бір күнде 975 адам жазылған. Барлығы 74 677 адам (73 пайызы) айыққан. Қазір 24 865 мыңнан астам адам емделіп жатыр. Олардың 102-сі – бала. 419 адамның жағдайы – ауыр, 101 науқас хәл үстінде жатыр. 94 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.

Эпидемия басталғалы бері елде коронавирустан 1313 адам қайтыс болған деп айтылады. Бұған коронавирус жұққан, бірақ арнайы комиссия "Covid-тен емес, өзге ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған жүздеген адамның өлімі енбеген. Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус статистикасына күмән келтіреді.

Қазақстан билігі вирус жұқтырғандардың жалпы саны 100 мыңнан асты дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, елде вирус жұқтырғандар саны 113 мыңнан асқан. Халықаралық ұйым белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды да елдің Covid статистикасына қосып есептеп отыр.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі басында "пневмонияны" Covid статистикасына қосатынын айтқанмен 10 тамызда бұл ниетінен айнығанын білдірді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 1-11 тамыз аралығында 14 760 адамның коронавирустық пневмонияға шалдыққаны расталған, 181 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG