Минскіде наразылықтың үшінші күні де азаматтар мен арнайы жасақ қақтығысты. Сейсенбі күні қауіпсіздік күштері адамдарды тарату үшін құлақ тұндыратын граната, көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ қолданды. Құқық қорғаушылар журналистердің де соққыға жығылғанын хабарлады.
11 тамызда Минскіде милиция британдық BBC сайтының үш журналистен құралған түсірілім тобына шабуыл жасаған. Бұл туралы BBC-дің Орыс қызметі хабарлады. Үшеуінде де аккредитация, ақпарат құралдарына арналған жилет және қызметтік куәліктері болған.
Қара түсті униформа киген ер адам журналистерден аккредитацияларын көрсетуді сұраған. Қауіпсіздік күштерінің бірі тілшінің мойнындағы карточканы жұлып алып, қолынан камерасын тартып алған. Қалған екі журналист карточканы қайтаруды талап еткен кезде милиционерлер операторды ұра бастаған, камераларын да сындырған. Британ ақпарат құралдары журналистер ұсталмады деп хабарлады.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда сейсенбі күнгі акцияның алдыңғы күнгі наразылықтан біраз айырмашылықтары болған. 10 тамызда наразылардың көбі үш орында топтасып жиналса, сейсенбі күні наразы жастар қалада кішігірім топтарға бөлініп, милицияның соңына түспеуін қадағалап, шашыраңқы жүрген. Милиция Каменная горка ауданында арнайы құрал қолданған. Жарым түнде наразылық қаланың Уручье және Студенттер қалашығы аудандарында жалғасқан.
Минскідегі наразылыққа қатысқан адамдардың бірі "Настоящее время" телеарнасының эфирінде интернет жоқ болғандықтан қаланың басқа аумақтарында не болып жатқанын білмейтінін айтқан.
Ал Мәскеудегі Беларусь азаматтары Беларусь елшілігінің алдында акция өткізіп, "Озбырлықпен басып алушыны сотқа тарту керек" ("Узарпатора под суд") деп ұрандатты.
Оқи отырыңыз: "Жұрт шаршады. 26 жыл шыдап келеміз". Лукашенкоға қарсы митинг жайлы Минск тұрғынымен сұхбат
ПІКІРЛЕР