Accessibility links

"Жұрт шаршады. 26 жыл шыдап келеміз". Лукашенкоға қарсы митинг жайлы Минск тұрғынымен сұхбат


Беларусьтегі наразылық. 9 тамыз 2020 жыл.
Беларусьтегі наразылық. 9 тамыз 2020 жыл.

Беларусьті ширек ғасырдан аса уақыттан басқарып келе жатқан Александр Лукашенко президент сайлауында тағы жеңді деп хабарланған соң елде наразылық күшейді. Беларусьте митингілер қалай өтіп жатыр? Арнайы жасақ наразылықты қалай жаныштады? Билікшіл арналар митингіні қалай көрсетіп жатыр? Азаттық ел астанасындағы наразылық куәгері Минск тұрғыны Анастасия Савицкаямен сөйлесті.

9 тамызда өткен Беларусь сайлауындан соң елдің Орталық сайлау комиссиясы 26 жылдан бері президент болып отырған Александр Лукашенко 80 пайыз дауыспен жеңіске жеткенін, оның басты қарсыласы Светлана Тихановская 9,9 пайыз дауыс алғанын хабарлады. Сайлау алдында Лукашенко саясатына қарсы болған жұрт ОСК жариялаған нәтижемен келіспей, 9-10 тамыз түнде елде наразылыққа шықты. Наразы жұрт дауысымыз ұрланды деп санайды. Арнайы жасақ пен полиция наразыларды сойылмен соғып, көзден жас ағызатын газбен, құлақ тұндыратын гранатамен таратпақ болды. Елдің ішкі істер министрлігі 9 тамыздағы наразылықта үш мыңдай адам ұсталғанын хабарлады. "Весна" құқық қорғау ұйымы 9 тамыз түнде бір адамның қаза болғанын хабарлады. Тихановская 10 тамыз түсте ОСК-қа шағым түсіруге барып, үш сағаттай сонда болған. 10 тамыз түні митинг қайта жалғасты. ІІМ мәліметінше, сол түні бір адам қайтыс болған.

Бүгін, 11 тамызда Тихановская елден Литваға кеткенін мәлімдеді. Ол алғаш жариялаған видеосында балаларының болашағы үшін осындай шешім қабылдағанын айтты. Кейін тағы бір видео жарияланып, онда Тихановская жұртты митингіге шықпауға шақырады. Тихановскаяның жақтасы Мария Колесникова "екінші видео ОСК ғимаратында түсірілгенін" айтты. Видеода Тихановская отырған диван ОСК басшысы Лидия Еромшинаның кабинетіндегі диванға ұқсайды.

Сайлау күні және қазір де елде интернет байланысы өте нашар. Азаттық тілшісі Минсктің 28 жастағы тұрғыны Анастасия Савицкаямен (тегі қауіпсіздік мақсатында өз өтініші бойынша өзгертілді – ред.) Telegram арқылы сөйлесті. Даусы үзіліп-үзіліп нашар естіледі. Ол мұны "қазір қалада интернет мүлде істемей тұр. VNP арқылы отырмын. VNP-сыз, проксисіз еш жерге кіре алмайсыз" деп түсіндіреді.

Азаттық: Елдегі наразылық жайлы айта кетсеңіз, интернер жұмысы дұрысталды ма?

Анастасия Савицкая: Наразылық жексенбіде, 9 тамыз кешке басталды. Минскіде сайлау күнінен бері [интернет] нашар. Кейбір өңірде [интернетті] түске қарай бұғаттай бастады. Алдымен YouTube ашылмай қалды, кейін мессенджерлердің жұмысы тоқтады, сосын интернет мүлдем өшіп қалды. Адамдар ештеңеден хабарсыз. Бар көріп отырғаны – теледидар. Ал онда мемлекеттік арналар шын ақпарат айтпайды. Бүгін атаммен сөйлестім. Ол митингілерге 16 жастағы мас жеткіншектер шығып жатыр деп ойлайды екен. Себебі телеарналарда солай депті. "Өзіне не керегін білмейтін азын-аулақ адам наразылық білдіріп жүр" дейді. Біз қоңырау шалып, хат жаза аламыз. Сондықтан қолымнан келгенше шын мәнінде не болып жатқанын хабарлап отырмын.

Азаттық: Қазір не болып жатыр?

Анастасия Савицкая: Түнгі митингілер аяқталды. Адамдар "Кет!", "Беларусь!" деп ұрандатты. Шын мәнінде, Александр Лукашенкоға Светлана Тихановскаяға қарағанда әлдеқайда аз адам дауыс берді. Орталық сайлау комиссиясы әділ шешімді елемеген соң адамдар Минск орталығындағы "Қаһарман қала" ескерткішінің алдына ағыла бастады. Оларды қолына резеңке таяқ пен қалқан ұстаған ОМОН (арнайы жасақ – ред.) күшпен таратты. Көшені көзді жасаурататын газ тұмшалап алды. Үйдің терезесін аша алмай қалдық. Жағдай ушығып барады. Меніңше, сорақысы әлі алда. Арнайы жасақ адамдарға резеңке оқ атты. Қаза тапқандар бар ("Весна" құқық қорғау тобы – бір адамның, ішкі істер министрлігі бір адамның қайтыс болғанын хабарлады – ред.). Ақпаратты телеграм-каналдар мен митингіде жүрген таныстарымнан алып отырмын. Бір құрбым алаңға шыққан. Жоқ болып кетті. Байланысқа шықпайды. Хабарласуға мүмкіндігі жоқ па, әлде ұстап әкетті ме – білмеймін.

Мен қаланың бас көшесінде тұрмаймын. Кешке қарай митингілер күшейе түседі. Көліктер жаппай сигналын басады. Бұл – наразылық білдірудің жолы. Адамдар ұрандатады. Жексенбі күні үйімнің алдында бір топ адамды қоршап алды. Наразылар "Милиция халықпен бірге!" деп айқайлады. Кейбір қалада арнайы жасақ күш қолдануын тоқтатқанын естідім. Жиналғандарға еркін жүріп-тұруға мүмкіндік берді. Кобрин қаласында солай болған сияқты.

Азаттық: Өзіңіз алаңға шықтыңыз ба?

Анастасия Савицкая: Жоқ, өкінішке қарай, шықпадым. Жақындарым жібермеді. Бармағаныма қалай өкініп отырғанымды білсеңіз ғой. Қазір таныстарымның арасынан кешке шығатындарды іздеп отырмын. Біреу барса, мен де қосыламын. Көптің ойына келісе отырып, жапа шегіп жатқандардың жанында болмағаным ұят. Митингіге кез келген жастағы азаматтар шығып жатыр. Адамдар қолдарын айқастырып алып, тілектестік тізбегін құрып тұрды. Сол тізбекте тұрғандар арасында ата-әжелер де, жас қыз-жігіттер де бар. Адамдар шаршады. Алаңға мүгедек арбасымен келгендер де бар. Қазір Беларусьте саясаттан алыс адам жоқ.

Азаттық: Қазір Минскідегі ахуал қалай?

Анастасия Савицкая: Өте қорқынышты атмосфера. Тіпті дүкенге баруға қорқасың. ОМОН өткен-кеткеннің бәрін ұстап жатыр. Президенттікке кандидат Тихановская қарсылық ретінде адамдарды қолына ақ білезік тағып алуға үндеген. Полиция білезік тақпаса да, ақ жейде киіп жүргендерді жол-жөнекей ұстап әкетіп, "митингіге шықтың" деп айыптап жатыр. Бірақ "Бәріміз бірге алаңға шығайықшы" деген құлшыныс та бар. Сонда да әзірге шыққандар аз сияқты. Сондықтан қорқамыз. Шығып жүргендер – нағыз қаһарман. Кейбіреулер наразылыққа шығайын десе жұмыссыз қалудан қорқады. Биліктің "волчий билет" аталатын қысым жасау құралы бар. Биліктің нұсқауымен сені бір жерден жұмыстан қуса, басқа жаққа орналасу қиын. 2011 жылы бір танысым Лукашенкоға қарсы митингіге қатысқан. Оны ұстап алды да, бірнеше тәулікке қамап тастады. Университеттегі оқуынан шығарды, жұмыс таба алмай сабылды. Ақыры Беларусьтен кетуге мәжбүр болды. Бір құрбым мектепте жұмыс істейді. Қолына ақ лента тағып барғаны үшін әріптестері теріс айналды. Қазір көп жерге Беларусьтің алғашқы туын іліп тастаған. Оны біздің тілді ''бела-чырвона-белы'' немесе ақ-қызыл-ақ деп атайды. Сол ту үшін де отырғызып жатыр. Олар – қауіпті адамдар. Жұрт осындайдан қатты қорқады.

Азаттық: Адамдарды наразылыққа шығуға не итермеледі?

Анастасия Савицкая: 26 жыл шыдап келеміз. 26 жыл үндемей келдік. Бірдеңе дей қалсаң, қамап тастайды. Лукашенконың сайлау қорытындысын бұрмалаудан басқа амалы қалмады. Себебі 80 пайыз дауысты басқаша ала алмас еді. Досым әскери оркестрде қызмет етеді. Оларды уақытынан бұрын дауыс беруге мәжбүрледі. Ол "біз дауыс берген жерде перде де болған жоқ" дейді. Бюллетеньді суретке түсіруге қорыққанын айтты. Дауыс беру парақтары тәуелсіз санаққа қажет еді. Бюллетеньді суретке түсіріп, Телеграм не Вайбер желілеріндегі нейрожеліге жүктейміз. Қазір онда миллионнан аса адам тіркелді. Беларусь халқының санын ескерсек, бұл аз емес. Осылайша дауысты өзімізше санамақ болдық. Бірақ мұндай санаққа бірден кедергі келтіре бастады. Адамдар қорқып қалды. Оның үстіне, коронавирусты сылтауратып, учаскелерге тәуелсіз бақылаушыларды кіргізбей қойды. Оларды ұстап, аккредитациясынан айырды.

Азаттық: Тихановская "балаларының өміріне алаңдап" Беларусьтан кеткенін хабарлады. Жұрт бұған не дер екен?

Анастасия Савицкая: Ол – жай наразылық символы болған кандидат еді. Тихановская сайлауда жеңсе, халық өзі қалаған президентін сайлап алуы үшін сайлауды басынан өткіземін деп уәде берген. Сондықтан көп адам соны қолдады. Бірақ жұрт алаңға ол үшін шықпады. Наразылық білдірудің себебі көп: жұрт шаршады, көңілі қалған, ашулы. Митинг – бейбіт процесс. Адамдар жай тұрып, шапалақ ұрды. 2011 жылы тап осындай митинг кезінде шетінен ұстап әкетті. Қазір де солай болып жатыр. Бірақ қазір жұрт полицияға жауап қайырып жатыр.

Азаттық: Өзіңіз бұл митингіден не күтесіз?

Анастасия Савицкая: Қазірге дейін жасалған нәрсенің бәрі еш кете ме деп қорқамын. Әрине, өмір жақсы жағына өзгерсе дейсің. Басқа президент келгенін, ол президент халықты құрметтегенін қалайсың. Еркін елде өмір сүргім келеді. Әлеуметтік желіде ойымды жазып, ол үшін ешкім жазаламаса екен дейсің. Бірақ митингіде адамдар текке зардап шекті ме қорқамын. Кейбір ел "Беларусьте болып жатқан жағдай дұрыс емес. Адамдар жай пікірін айтып жатыр, жұртпен диалог керек" деп жазды. Бірақ [Ресей президенті Владимир] Путин Лукашенконы сайлаудағы жеңісімен құттықтап қойды. Ресей – үлкен ел және Беларусь оған қатты тәуелді. Олар Беларусь билігіне көмек берсе, бәрі бекер болып шығады. Қазіргі өміріміз жалғаса бермек…

Баррикада, бір адамның қазасы. Беларусьте наразылық қалай жалғасты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:17 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG