Accessibility links

ЕО Лукашенкоға санкция салатынын ескертті


Манифестант қаза болған орында жалау желбіретін тұрған адам. Минск, 11 тамыз 2020 жыл.
Манифестант қаза болған орында жалау желбіретін тұрған адам. Минск, 11 тамыз 2020 жыл.

Еуроодақ наразылық акциясына қатысқандарға күш қолданып, негізсіз қамаған және сайлау қорытындысын бұрмалаған беларусь билігі өкілдеріне санкция салуы мүмкін. ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі ведомство жетекшісі Жозеп Боррельдің сейсенбі күні жариялаған мәлімдемесінде осылай деп айтылған.

Мәлімдемеде Беларусьте 9 тамызда өткен президент сайлауының әділ, еркін өтпегені және ЕҚЫҰ стандарттарына сәйкес келмегені жазылған. Бұған қоса, мәлімдеме авторлары Беларусь билігінің наразылық акциясына қатысушыларға артық күш қолданғанын сынап, соның кесірінен кемінде бір демонстрант қаза болғанын, көп адам жарақаттанғанын атап өткен.

ЕО Беларусь билігін ұсталған азаматтардың барлығын шарт қоймай шұғыл босатуға шақырған.

Мәлімдемеде 2015 жылдан бері ЕО мен Минск арасындағы қарым-қатынастың жақсарғаны, алайда адам құқығын өрескел таптау фактілеріне байланысты нашарлауы мүмкін екені айтылған. Онда сонымен бірге жағдай ушықпас үшін билікті қоғаммен диалог орнатуға шақырған ұсыныс та бар.

Польша, Литва және Украинаның сыртқы істер министрлері ортақ мәлімдеме жасап, Беларусь билігін азаматтық қоғаммен диалог орнатуға шақырған және сондай диалогтарды ұйымдастыру бойынша араағайындық жасауға дайын екенін де жеткізген.

Бұған дейін Беларусь СІМ ЕО "нақты не болғанын білуге тырыспай, елдегі жағдайға баға беруге тырысады" деп мәлімдеген болатын. СІМ мәлімдемесінде Минск "болып жатқан оқиғалардың астарын әшкерелейтін бұлтартпас фактілерді (сыртқы күштердің араласқанын дәлелдейтін айғақтарды да) көрсетуге дайын" деген еді.

Беларусь орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 9 тамызда өткен президент сайлауының алдын ала қорытындысы бойынша қазіргі басшы Александр Лукашенко жеңген. Бұл ақпарат елдің түрлі қалаларында наразылықтың тұтануына себеп болған. Наразылар сайлау қорытындысы бұрмаланды деп санайды. Беларусь билігі наразылықты басып жатыр, мыңдаған адам ұсталған.

Қарай отырыңыз: Баррикада, бір адамның қазасы. Беларусьте наразылық қалай жалғасты? (11 тамыз 2020 жыл).

Баррикада, бір адамның қазасы. Беларусьте наразылық қалай жалғасты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:17 0:00


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG