Accessibility links

Қазақстанда бір күнде 517 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды


Медицина қызметкері. Көрнекі сурет.
Медицина қызметкері. Көрнекі сурет.

Қазақстанда өткен тәулікте 517 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Елде вирус жұқтырғандар 101 372 адамға жетті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ведомство таратқан мәліметке қарағанда, Алматы мен Нұр-Сұлтанда вирус жұқтырғандар күрт азайған. 12 тамызда Алматыда – 52, Нұр-Сұлтанда 38 адамға коронавирус инфекциясы жұққаны анықталған. Сәрсенбі күні ең жоғары көрсеткіш – Қарағанды облысында (85), ең төменгі көрсеткіш Қызылорда облысында (4) тіркелген.

Бір тәулікте 2 079 адам жазылған. Барлығы 76 756 адам (73 пайызы) айыққан. Соңғы мәлімет бойынша, 24,8 мыңнан астам адам емделіп жатыр. Олардың 102-сі – бала. 419 адамның жағдайы – ауыр, 101 науқас хәл үстінде жатыр. 94 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.

Эпидемия басталғалы бері елде коронавирустан 1313 адам қайтыс болған деп айтылады. Бұған коронавирус жұққан, бірақ арнайы комиссия "Covid-тен емес, өзге ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған жүздеген адамның өлімі енбеген. Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус статистикасына күмән келтіреді.

Қазақстан билігі вирус жұқтырғандардың жалпы саны 101 мыңнан асты дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, елде вирус жұқтырғандар саны 115 мыңнан асқан. Халықаралық ұйым белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды да елдің Covid статистикасына қосып есептеп отыр.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі басында "пневмонияны" Covid статистикасына қосатынын айтқанмен 10 тамызда бұл ниетінен айнығанын білдірді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 1-11 тамыз аралығында 14 760 адамның коронавирустық пневмонияға шалдыққаны расталған, 181 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG