Accessibility links

"Доғарыңдар, ұрмаңдар!". Беларусьте сәрсенбі күні де наразылық акциялары жалғасты


Минскідегі наразылық. 12 тамыз 2020 жыл.
Минскідегі наразылық. 12 тамыз 2020 жыл.

Қатаң қуғынға қарамастан беларусь азаматтары 12 тамызда да наразылықтарын жалғастырды. Минскіде мыңдаған адам көшеге шығып, 9 тамызда өткен президент сайлауының қорытындысына қарсылық білдірді. Беларусь билігі наразыларға қару қолданғанын мойындады. Наразылық акциялары кезінде екінші адамның қаза болғаны белгілі болды.

Сәрсенбі күні Минскі және өзге қалаларда азаматтар қауіпсіздік күштерінің қарапайым халыққа күш қолдануын айыптап, президент сайлауының қорытындысын қайта қарастыруды талап етті. Минскідегі акция кезінде белсенділер "Доғарыңдар, ұрмаңдар! Бізге тек дауыс дұрыс саналса болды. Бізде қару жоқ. Тек бір тарап қана күш қолданып жатыр" деген. Акция өтіп жатқан кезде жүргізушілер сигнал беріп, акцияға шыққандарды қолдаған, баяу қозғалып, милиция көліктерін бөгеуге тырысқан.

"Весна" құқық қорғау тобының хабарлауынша, осыған ұқсас наразылық шаралары кемінде бес қалада өткен. Витебск, Бобруйск, Могилевтегі акциялар кезінде полиция наразыларды ұстап, кейіннен босатқан.

Жексенбі күннен бері жалғасып жатқан наразылық кезінде биліктің айтуынша, 6 мың адам ұсталған, жүздеген адам жарақаттанған. Кемінде екі адам қаза болған.

Ресми мәліметке сәйкес, президент сайлауының алдын ала қорытындысы бойынша, қазіргі басшы Александр Лукашенкоға сайлаушылардың 80 пайызы дауыс берген, оның басты қарсыласы Светлана Тихановская он пайыз дауыс алған. Наразылар сайлау нәтижесі бұрмаланды деп есептейді.

Қарай отырыңыз: Беларусьтегі наразылықтың үшінші күні. Арнайы жасақ наразыларды ұрды (11 тамыз 2020 жыл).

Беларусьтегі наразылықтың үшінші күні. Арнайы жасақ наразыларды ұрды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:42 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG