Қырғызстанда 13 тамыз күнгі ресми мәлімет бойынша Covid-ке шалдыққандар 41 069 адамға жеткен. Биліктің айтуынша, егер бұл есепке коронавирустың симптомсыз немесе жеңіл түрімен ауырып, бірақ тесттен өтпегендерін қосса, коронавируспен ауырғандар саны шамамен 160 мың болады. Бұл туралы бейсенбі күні брифинг кезінде Қырғызстан денсаулық сақтау вице-министрі Мадамин Каратаев хабарлады.
"Қазіргі кезде коронавирус инфекциясы жұққаны зертханалық талдаумен расталғандар саны әжептәуір азайып жатыр. Бірақ сонымен бірге ұлғайып отыратын көрсеткіш те бар. Біз бір науқастың қанша адамға вирус жұқтыруы мүмкін екенін есептей аламыз. Егер шілде айының көрсеткіштеріне қарасақ, бір адамның екінші адамға жұқтыру мүмкіндігі 0,5 пайызды құрайды" деді Каратаев.
Оның сөзіне қарағанда, Covid-ке шалдыққандардың 36,6 пайызында ауру белгісі байқалмаған, 29,7 пайызы жеңіл түрімен ауырған.
"Яғни, науқастардың 66 пайызы симптомсыз немесе жеңіл түрімен ауырған. Науқастардың 4,6 және 9,6 пайызы – коронавирустың өте ауыр және ауыр түрімен ауырған" деді Каратаев.
Қырғызстанда өткен тәулікте 310 адамнан коронавирус анықталған. Қырғызстан шілде айының ортасынан бері зертханалық талдаумен расталған коронавирус инфекциясы мен белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандарды қосып есептеп келеді.
Ресми мәліметке сүйенсек, елде вирус жұқтырғандар 41 мыңнан асқан, 1487 адам қайтыс болған.
12 тамызда 291 адам ауруханадан жазылып шыққан. Эпидемия басталғалы бері 33 318 адам айыққан.
ПІКІРЛЕР