Accessibility links

Бас санитар дәрігер брифингісінде кейбір журналистерге сұрақ қоюға мүмкіндік берілмеді


Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова.
Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова.

14 тамызда орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингі кезінде спикерлерге індет жайлы өткір сауалдар қойған журналистердің "микрофоны өшірілді". Qazaqtimes сайтының тілшісі Асан Анарбайұлы бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетовадан елде коронавирус жұққан, бірақ арнайы комиссия "вирустан емес, ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған адамдар саны туралы сұраған еді. Соңғы рет бұл статистика 26 шілдеде жаңарған. Оған сәйкес, елде Covid-ке шалдыққан 319 адам "ілеспе аурудан қайтыс болған".

"Неге осы статистика тұрақты түрде жаңармайды? Неге оны біз үнемі айқай-шумен сұрауымыз керек?" деп еді, жиын модераторы "сұрағыңызды қысқа да нұсқа қойсаңыз. Біз түсінбей жатырмыз. Дайын болмасаңыз, келесі журналистен кейін қойыңыз" деді.

Журналист сұрағын қайталап еді, модератор "дауысыңыз естілмей тұр" деп келесі журналистің сұрағына көшті. Бірақ ол кезде Qazaqtimes тілшісінің дауысы дұрыс естіліп тұрған еді.

Одан кейін сұрақ қойған Bloomberg тілшісі Наубет Бейсенов ОКҚ мамандарын "журналистерге сұрақ қоюға мүмкіндік бермей, цензура жасағаны үшін" кінәлады.

Бас санитар дәрігерден "карантин шараларын жұмсарту критерийлері" туралы сұраған Bloomberg тілшісі "Күн сайын мыңнан астам адамға вирус жұғып, отыз шақты адам қайтыс болып жатқан шақта қандай оң динамиканы көріп тұрсыз? Сіз туған-туыстары індеттен қайтыс болған адамдарға барып, бізде пандемия аяқталып жатыр деп айтыңыз" деп айтқан еді, бұдан соң журналистің сөзін екінші спикер "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өкілі Эльдар Жұмағазиев бөліп әкетті. "Әріптестер, әңгіме ауанын өнімді нәрсе жаққа бұрайықшы" деп кәсіпкерлердің жұмыс істеу мәселесі туралы айтты. Бірақ Жұмағазиевке ол туралы ешкім сұрақ қоймаған болатын. Ал Bloomberg тілшісі сұрақтарына сол күйі толық жауап ала алмады.

Жиын модераторы Маржан Бақтиярқызы кейінірек "біз микрофонды өшірмейміз, интернет байланысы нашар, сондықтан тілшімен (Qazaqtimes тілшісі) байланыса алмадық" деп жауап берді.

ОКҚ мамандарының брифинг кезінде микрофонды өшіретініне журналистер бұған дейін де шағымданған.

Qazaqtimes тілшісі қозғаған мәселе брифинг кезінде шенеуніктерге жиі қойылады, бірақ бұл сұраққа журналистер көп жағдайда жауап ала алмайды.

Сәуір айының аяғында коронавирустан қайтыс болғандар саны көбейе бастаған шақта денсаулық сақтау министрлігі арнайы мемлекеттік комиссия құрғанын, коронавируспен байланысты барлық адам өлімі себебін зерттейтінін хабарлаған. Егер комиссия "науқас коронавирустан емес, ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарса, онда науқас өлімі Covid статистикасына енгізілмейді.

Мамыр айының ортасында Азаттық Алматы, Нұр-Cұлтан және Шымкент қалаларында коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зираттарда ресми айтылғаннан көп адам жерленгенін анықтаған.

26 шілде күнгі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұққан 319 адам "ілеспе аурудан қайтыс болған".

Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары берген коронавирус дерегіне күмән келтіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG