Accessibility links

Минскіде ұсталғандар изоляторда өздерін ұрып-соққанын айтты. Кейбірі ауруханаға түсті


"Бәрін ұрды". Беларусьтегі митингіде ұсталғандар арнайы жасақтан таяқ жегенін айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:12 0:00

"Бәрін ұрды". Беларусьтегі митингіде ұсталғандар арнайы жасақтан таяқ жегенін айтады

Өткен түні Минскі мен Жодинодағы изолятордан сайлаудан кейін тұтанған наразылық кезінде ұсталғандарды біртіндеп босата бастады. Бостандыққа шыққан адамдар қауіпсіздік органдарының оларды изоляторда намысына тиіп, ұрып-соққанын айтты, түрмедегі жан түршігерлік ауыр жағдайды да баяндады. Тергеу изоляторынан шыққандардың көбін жедел жәрдем көлігі ауруханаға алып кетіп жатты.

Тергеу изоляторы маңына қала тұрғындары жиналып, қамаудан шыққандарға көмектесті: бірі туыстарына хабарласуға көмектессе, бірі көліктерімен үйлеріне жеткізіп жатты, бірі ыстық шәй әкелді. Кейбірін жұрт қол шапалақтап қарсы алды. Алайда қамаудан шыққандар іште қалғандарға зияны тимесін деп қол шапалақтамауды өтінді.

Беларусь ұлттық жиын кеңесінің төрайымы Наталья Кочанова билікке "соғыс" керек емес, "төбелес" қажет емес деп айтқаннан кейін ұсталғандарды босата бастаған еді. Кочанова бейсенбі күні президент Александр Лукашенконың ұстау туралы ақпараттың анық-қанығына жетуді тапсырғанын да жеткізген.

Беларусь ішкі істер министінің орынбасары Александр Барсуков наразылық акциясы кезінде ұсталғандардың барлығын 14 тамыз таңертеңгі сағат 6-ға дейін босатуға уәде берген. Ол сонымен бірге қауіпсіздік күштері наразыларды "изоляторда ұрып-соқты, намысқа тиіп, қорлады" деген ақпаратты жоққа шығарған.

13 тамызда Беларусь ішкі істер министрі Юрий Караев наразылық кезінде "кездейсоқ адамдардың ұсталып, жарақаттанғаны үшін" кешірім сұраған.

Елде мыңнан астам ғалым бейбіт шеруді күшпен басуды айыптап, петицияға қол қойған. Үндеу авторлары сонымен бірге сайлау қорытындысы жаппай бұрмаланды деп шағымданып, президент сайлауының ресми қорытындысына сенбейтінін де жеткізген. Ресми мәлімет бойынша, Александр Лукашенкоға сайлаушылардың 80 пайызы дауыс берген.

Беларусьте президент сайлауының ресми қорытындысына наразылық 9 тамыз кешке басталған. Алғашқы күндері милиция наразыларды тарату үшін оларға су, көзден жас ағызатын газ шашып, құлақ тұндыратын граната, резеңке оқ қолданған. Мыңнан астам адам ұсталып, жүздеген адам жарақаттанған. Наразылық кезінде бірнеше адамның қаза болғаны хабарланды. Беларусь ішкі істер министрлігі бір адамның қаза болғанын растады.

Оқи отырыңыз: Алексиевич Лукашенкоға: Кеш болмай тұрғанда, кет!

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG