Accessibility links

Атабекпен "видеобайланысқа шыққан" құқық қорғаушы: Ол мүгедектік санатына тіркетіп беруді сұрайды


Павлодардың тергеу изоляторында отырған Арон Атабек (оң жақта) пен онымен кездесуге барған құқық қорғаушы Елена Семенова. 26 шілде 2019 жыл.
Павлодардың тергеу изоляторында отырған Арон Атабек (оң жақта) пен онымен кездесуге барған құқық қорғаушы Елена Семенова. 26 шілде 2019 жыл.

Тұтқындардың құқықтарын қорғаумен танылған Елена Семенова ақын, диссидент, 14 жылдан бері түрмеде отырған Арон Атабекпен Павлодардағы тергеу изоляторында "кездесті". Құқық қорғаушының айтуынша, қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатқан Атабектің жылына екі рет қысқамерзімді кездесуге құқығы бар. Сол құқықты пайдаланып, 13 тамызда Атабек Семеновамен телефон арқылы сөйлескен. Қазір індетке байланысты түрмеде тұтқындармен тіке кездесуге тыйым салынған.

Құқық қорғаушының сөзіне қарағанда Арон Атабек тергеу изоляторындағы тұтқындардың адвокаттарымен кездесуіне арналған монитор мен видеокамера, телефонмен жабдықталған арнайы бөлмеде болған. Ал Семенова тергеу изоляторы жанындағы келушілерге арналған бөлмеден видеобайланысқа шыққан. Алайда Семенова Атабекпен телефон арқылы сөйлескен. Ол "видеокездесуді" жазып алып, интернетке жариялаған.

– Оның телефонды қолымен еркін көтеріп, құлағына тақай алмай тұрғаны көрініп тұрды. Телефонды көтеру үшін әуелі оны кір тасын иыққа салғандай серпіп ұстап көтерді, содан соң телефон тұтқасын екі қолымен ұстап тұруға мәжбүр болды. Ол өзін мүгедектік санатына тіркетіп беруді сұрап отыр. Басқа шағымы немесе өтініші жоқ, – деді Семенова.

Жарты ай бұрын Арон Атабек қызы Айдана Айдарханмен телефон арқылы сөйлескен кезде қолының қимылдаудан қалып бара жатқанын, құқық қорғаушылардың көмегімен мүгедектік санатына тіркетіп беруді сұраған болатын.

Семенованың айтуынша, Арон Атабек өзінің жақындары мен достарының мезгілсіз қаза болуына байланысты олардың жақындарына көңіл айтуын жеткізуді сұраған. Атап айтқанда, бауыры Рашид Нұтышев, журналист Ербол Құрманов, Розлана Таукина, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы көп талқылана бермейтін "Аллажар" фильмінің авторы, режиссер Қалдыбай Әбеновтің қазасына байланысты туыстарына көңіл айтқан. Арон Атабек өзінің жақтастарын хат жазуға шақырған, себебі соңғы уақытта іс жүзінде ешкімнен хат келмеген.

Келесі қысқамерзімді кездесуге жарты жылдан соң ғана рұқсат етіледі. Егер ол уақытқа дейін карантин режимі алынса, онда Атабекпен видеобайланыс емес, қалыпты режимде кездесуге болады дейді құқық қорғаушы.

Биыл шілде айында "Шаңырақ оқиғасына" 14 жыл толды. 2006 жылы шілде ортасында Алматының шетіндегі "Шаңырақ" ықшам ауданында "жер телімдерін заңсыз иеленіп үй салды" деп айыпталған тұрғындар мен олардың үйлерін қиратуға келген полиция арасында қақтығыс болған. Жаппай қақтығыс кезінде 24 жастағы полицей Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер бензин құйып өртеп жіберген. Денесінің 70 пайызы күйіп кеткен ол 12 күннен кейін Алматыдағы №12 ауруханада көз жұмған.

"Шаңырақ оқиғасы" бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот 2007 жылдың күзінде төрт адам – Арон Едігеевті (Атабек - әдеби бүркеншік есімі) 18 жылға, Құрманғазы Өтегеновті 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті 15 жылға және Рүстем Тұяқовты 14 жылға соттаған.

Бұған дейін Ерғанат Тараншиев пен Рүстем Тұяқов шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.

Арон Атабек 14 жыл бойы Алматы қаласынан алыс жерлерде жазасын өтеп келеді. 2014 жылдың сәуір айында этаппен Павлодардағы тергеу изоляторына жеткізілген. Оған дейін Қарағанды облысының Қаражал колониясында қамауда болды.

2010 жылы Арон Атабекке "Тұтқындағы шығармашылық иесі" (Imprisoned аrtist) номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығы берілген.

Еуропарламент 2019 жылы наурыздың 14-і күні Қазақстан туралы қабылдаған қарарында "қазір қамауда отырған барлық белсенділер мен саяси тұтқындарды", соның ішінде Арон Атабекті дереу босатуға шақырған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG