Accessibility links

АҚШ Пошта қызметі президент сайлауында хатпен дауыс беруде қиындықтар бар деді


АҚШ Пошта қызметінің (USPS) Филадельфия қаласындағы офисі. 14 тамыз 2020 жыл.
АҚШ Пошта қызметінің (USPS) Филадельфия қаласындағы офисі. 14 тамыз 2020 жыл.

АҚШ Пошта қызметі (U.S. Postal Service немесе USPS) қарашада өтетін президент сайлауы кезінде тұрғындардың сайлау бюллетеньдерін уақтылы жеткізе алмауы мүмкін екенін ескертті. Егер бюллетеньдер расымен уақтылы жетпесе, миллиондаған америкалықтың дауысы саналмауы ықтимал. USPS-тің бұл мәлімдемесі Ақ үй басшысы Дональд Трамптың поштамен дауыс беруге шүйлігуінен кейін мәлім болды. Ал дауыс берушілер мен заң шығарушылар жол бойындағы пошта жәшіктерінің саны азайғанына шағымданды.

New York Times басылымының жазуынша, USPS вице-президенті Томас Маршалл шілде айында 50 штатқа және Колумбия округіне хат жолдап, онда сайлау бюллетеньдерін жеткізуге берілген уақыттың "USPS-тің тасымалдау стандарттарымен үйлеспейтінін" айтқан. Маршалл бюллетеньді уақтылы жеткізу үшін кемі 15 күн керегін хабарлаған.

АҚШ-тың көптеген штатында коронавирус пандемиясына байланысты президент сайлауы кезінде дауыс беруді қашықтан өткізу туралы шешім қабылданған. Ол үшін тұрғындар сайлау бюллетенін алып, үміткерін белгілеп, бюллетеньді хатпен жіберуі керек. Көптеген штаттың заңы бойынша тұрғындар бюллетеньді сайлауға дейін 15 күннен аз уақыт ішінде ала алады.

USPS сайлау қарсаңында пошта қызметіне артық салмақ түсетінін, сол себепті хаттарды уақтылы жіберу қиындық тудыратынын айтып отыр.

Басылымның хабарлауынша, мұндай хаттың жіберілгені USPS бас инспекторы пошта қызметінің басшысы Луис Ди Джойды тергей бастағаны хабарланған соң мәлім болды. Ди Джойс - Трамптың танымал саяси донорларының бірі.

Шілденің соңында Трамп қашықтан дауыс беру сайлау нәтижесін бұрмалауға әкеледі деп, сайлауды кейінге қалдыруды ұсынған. АҚШ президентінің бұл мәлімдемесі демократтардың наразылығын тудырды.

Демократтар USPS басшылығын қиындықты қолдан жасап отыр деп айыптайды.

Associated Press агенттігінің жазуынша, Вашингтон штатының хатшысы Ким Вайман (Республикалық партияның мүшесі) штаттағы дауыс беру толықпен пошта арқылы жүзеге асатынын, мұның USPS үшін қалыпты шаруа екенін мәлімдеді.

"Әкімшілік процестерді саясиландыру қауіпті және қоғамның сайлауға деген сенімін бұзады. Жұмыстың ауқымы қалыптан тыс жоғары деуге негіз жоқ. Мен USPS-тің дайындығы жетеді деп сенемін" деді ол мәлімдемесінде.

Осы арада Орегон, Монтана және Индиана штаттарында тұрғындар көше бойындағы пошта жәшіктерінің азайғанын айтып шағымданған. USPS бұған жауап ретінде алынып тастап жатқаны қолданылмай тұрған жәшіктер деген.

Associated Press, Reuters агенттіктерінің, New York Times басылымының ақпараты негізінде әзірленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG