Accessibility links

Өткен тәулікте коронавирус пен "пневмониядан" 20 адам қайтыс болды


Маска таққан медицина қызметкерлері.
Маска таққан медицина қызметкерлері.

Қазақстанда өткен тәулікте белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 141 адамның шалдыққаны анықталған. Бір тәулікте пневмонияның осы түрінен 2 адам қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

1-17 тамыз аралығында "коронавирустық пневмонияға" шалдыққандар 18 606 адамға жеткен. Осы аралықта 218 адам қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 16 тамызда Сovid жұққаны зертханалық талдаумен расталған 18 адам қайтыс болған. 13 наурыздан бері барлығы 1415 адам қайтыс болған.

Қазір коронавирус инфекциясынан 18 841 адам емделіп жатыр. 99-ы – бала. 3,2 мыңнан астам науқас стационарда жатыр. 406 адамның жағдайы – ауыр, 103-інің жағдайы – өте ауыр. 72 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне оның ішінде Қазақстанға да коронавирус пен белгілері коронавирусқа ұқсайтын, бірақ зертханалық талдаумен расталмаған пневмония түрін біріктіруге кеңес берген. Көрші Қырғызстан шілде айының ортасында көрсеткішті біріктірген. Ал Қазақстан бастапқыда біріктіретінін мәлімдегенмен кейінірек бұл ниетінен айнып қалды. Егер екі көрсеткішті қосса, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар – 121 639 адамға жетеді. ДДСҰ ресми сайтында Қазақстандағы Covid статистикасын солай біріктіріп көрсеткен.

Ресми мәлімет бойынша, жыл басынан тамызға дейін пневмонияға (пневмонияның барлық түріне) 256 мың адам шалдыққан. Бұл – өткен жылдың алғашқы жеті айымен салыстырғанда 3,3 есе көп көрсеткіш. Былтыр осы аралықта өкпе ауруынан 2,3 мың адам қайтыс болса, биыл төрт мыңнан астам адам көз жұмған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG