Accessibility links

Желтоқсаншылар Қазақстан халқы ассамблеясын таратуды ұсынып, митинг өткізуге өтініш берді


Алматы әкімдігіне митинг өткізуге өтініш беруге келген желтоқсаншылар. 19 тамыз 2020 жыл.
Алматы әкімдігіне митинг өткізуге өтініш беруге келген желтоқсаншылар. 19 тамыз 2020 жыл.

19 тамызда Алматыда 30 шақты желтоқсаншы қала әкімдігінің алдына жиналды. Олар бірнеше әлеуметтік талабын айтып, бұдан бөлек он күннен соң митинг өтетіні туралы хабарламаны өткізуге келген.

"Желтоқсан ақиқаты" ұйымының мүшесі, желтоқсаншы Қалелхан Әділханов митингіде билікке екі түрлі талап қойылатынын айтты.

– Елде болып жатқан саяси оқиғалардан біз шет қала алмаймыз. Ұлтаралық қақтығыстар, түрлі оқиғалар болып жатыр. Қазақстан халқы ассамблеясы не істеп отыр? Халықтың қалтасынан қаржыландырылып отырған ассамблея таратылсын, – деді Әділханов.

Желтоқсаншылардың екінші талабы – саяси тұтқындарға бостандық беру.

Арон Атабек 18 жылға сотталып, түрмеде отыр. Жердің мәселесін көтерген жігіттер бар. Сол саяси тұтқындарға бостандық берілсін деген талаппен митингіге рұқсат сұрап отырмыз, – дейді Қалелхан Әділханов.

Тағы бір желтоқсаншы, "Желтоқсан ақиқаты" ұйымының жетекшісі Бейсенбай Сейфолла әкімдік алдына жиналудың өзге де себебі барын айтты. Ол қаланы Бауыржан Байбек басқарып тұрған кезде желтоқсаншыларға саябақ ашуға уәде берілгенмен орындалмағанына наразы.

"Сағынтаев келгенде мұны тоқтатып тастады" дейді ол. Бұдан бөлек Желтоқсан оқиғасына қатысқан, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға жер беру мәселесін көтерді.

– Шаңырақ ықшамауданындағы бос тұрған 1,5 гектар жерді сұрадық. Түрлі сылтау айтты. 8 жыл бойы сұрадық. Ақыры жеке компанияға беріп жіберді, – дейді Сейфолла.

Жиналған жұртпен тілдесуге шыққан қоғамдық даму басқармасы бастығының орынбасары Айдар Есенбеков "митинг өткізу құқығы заң аясында қаралады" деді. Сөзінше, желтоқсаншыларға арнап саябақ та жақында ашылады. Әкімдік өкілі жер беру туралы талапқа жауап бере алмады.

– Жер беру мәселесі бойынша жауап бере алмаймын. Ол мәселемен айналыспаймын, – деді Есенбеков.

Жиналған топ митинг өткізу туралы хабарламаны әкімдікке тапсырды. Содан кейін әкімдік ғимараты алдына қала басшысы Бақытжан Сағынтаевтың шығуын сұрап, бір сағаттай тұрып, кейін тарай бастады. Олар өткізген хабарлама бойынша, митинг 29 тамызға белгіленген.

Маусым айында қабылданған жаңа заң бойынша, әкімдік өтінішті үш жұмыс күні ішінде қарайды. Митинг өткізуге рұқсат бермесе, ұйымдастырушыға хабарлайды. Атқарушы орган жауап бермеген жағдайда, ұйымдастырушылар берілген хабарламаға сәйкес митинг өткізеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG