Accessibility links

Мемлекеттік қор: Коронавирустан қайтыс болған үш дәрігердің отбасына 10 млн теңгеден өтемақы берілді


Коронавирус жұққандарды емдейтін аурухана.
Коронавирус жұққандарды емдейтін аурухана.

Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қоры жұмыс кезінде коронавирус жұғып, қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасына 10 млн теңгеден өтемақы төлене бастады. Бұл туралы 21 тамызда қордың баспасөз қызметі хабарлады.

"Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қоры аурудан қайтыс болған үш медицина қызметкерінің туыстарына төлемді аударды" делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қордың хабарлауынша, жұмысында коронавирус немесе коронавирустық пневмония жұққан 729 медицина қызметкеріне өтемақы төленген. Бұған дейін олардың саны 8 мыңнан асқаны хабарланған еді.

Мемлекеттік қор өкілдерінің айтуынша, медицина қызметкеріне өтемақы беру-бермеу мәселесін денсаулық сақтау басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия анықтайды. Денсаулық сақтау министрлігі өтініштерді біріктіріп, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына жіберіледі. Одан әрі қарай төлем тағайындау үшін қорға беріледі.

Қордың мәліметі бойынша, ең көп өтемақы төленген аймақтар арасында Алматы облысы (77), Ақмола облысы (75), Алматы қаласы (74), Нұр-Сұлтан қаласы (67), Батыс Қазақстан облысы (66) бар.

3 тамыз күнгі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда індет кезінде 8 518 медицина қызметкеріне вирус жұққан. Бұл сол кездегі мәлімет бойынша коронавирус жұқтырғандардың 9,1 пайызына тең. Елде заңға сәйкес, коронавирусты жұмыста жұқтырғаны дәлелденген медицина қызметкерлері ғана өтемақы ала алады. Коронавирус немесе коронавирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкеріне 2 млн теңге, коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкеріне 10 млн теңге көлемінде өтемақы беріледі.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырған дәрігерлердің көбіне коронавирус отбасы немесе таныстарынан жұққанын айтқан еді.

Көктем және жаз айларында кейбір аймақтарда медицина қызметкерлері "вирус жұқтырғандарды емдесек те, өтемақы алатындардың тізіміне ілінбедік" деп шағымданған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG