Accessibility links

Желіде Оралда "бала зорлады" деп айыпталған адамға жазаны күшейту туралы үндеу көбейді


Орал қалалық соты.
Орал қалалық соты.

"Бала зорлау" ісі бойынша Орал қалалық соты шығарған даулы шешім әлеуметтік желіде қолданушылар наразылығын туғызды. Кейбірі заңнамаға түзету енгізуге шақырды.

20 тамызда Орал қаласының алқа билер соты "12 жасар қызды зорлады" деп айыпталған жергілікті тұрғынның бас бостандығын екі жылға шектеген. Бастапқыда оған "Зорлау" бабы бойынша айып тағылған, кейіннен істі "16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасау" бабына ауыстырған. Соңғы айтылған бап бойынша, бас бостандықты шектеу жазасы қарастырылған.

Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот дерегіне сүйенген жергілікті "Уральская неделя" сайтының жазуынша, сот алқасы "жәбірленушінің келісімімен" "жыныстық қатынас жасалған" деген қорытындыға келген. Сот кішкентай қыз "психологиялық және физиологиялық даму ерекшелігіне қарай жыныстық қатынастың мәнін түсінген" деп қорытқан.

Сот алқасының мүшелері айыпталушының кәмелетке толмаған баласының болуын, бұрын сотталмағанын ескеріп, бас бостандығынан айыруға негіз жоқ деп тапқан. Сот үкімі әзірге күшіне енбеген.

Әлеуметтік желіде қоғам белсенділері 20 тамыз кешкі уақыттан бері сот үкімінің күшін жойып, сот алқасы мүшелерінің атын жариялауды талап етіп жатыр.

2019 жылдың соңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зорлау қылмысын жасағандарға жазаны қатайту туралы жаңа заңға қол қойған. Оған сәйкес, зорлау қылмысы ауырлығы орташа қылмыстан ауыр қылмыс санатына ауыстырылған. Бұрын жәбірленуші тараппен өзара татуласқан жағдайда айыпталушыны жауапкершіліктен босататын ереже заңнан алынып тасталды. Енді кәмелет жасына толмаған балаларға қарсы жасалған сексуалдық сипаттағы іс-әрекет аса ауыр қылмыс түріне жатқызылып, қылмысы дәлелденген адамды 20 жылға немесе өмір бойы бостандығынан айырылады.

"16 жасқа дейін жасалған кез келген жыныстық сипаттағы әрекет зорлау деп танылуы тиіс" делінген балалар мен әйелдердің зорлануы мәселесін көтеріп жүрген "НеМолчи.KZ" тобының мәлімдемесінде.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында осыдан шамамен екі ай бұрын болған оқиғадан кейін елде педофилдерге жазаны күшейту туралы пікірталастар қайта өрбіген. 24 шілдеге қараған түні Сәтбаевта жүздеген азамат көшеге шығып, "пәтерінде 5 жасар баланы ұстап, зорламақ болған" ер адамды қолға тапсыруды талап еткен еді.

Кейбір сарапшылар жұрт сот пен полицияға сенбегендіктен "қылмыскерді" өз бетімен жазаламақ болды деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG