Accessibility links

Полиция Шымкенттегі атысқа байланысты үш күдікті ұсталғанын растады


Полиция қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Полиция қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Шымкенттегі "Грант Прада" мейрамханасында осыдан 11 күн бұрын болған атысқа қатысы бар делінген үш күдікті Алматы қаласында ұсталды. Бұл туралы 21 тамыз күні Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полицияның айтуынша, күдіктілер 12 тамызда ұсталған, 14 тамызда Шымкент соты күдіктілерді үш айға қамаған. Сот күдіктілер туралы ақпарат тергеу құпиясына байланысты жариялауға жатпайды деді.

Бұған дейін атыс кезінде бір адам қайтыс болып, біреуі жарақаттанғаны хабарланған еді. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің дерегінше, оқиға кезінде алған ауыр жарақатынан қалалық клиникалық аурухананың жан сақтау бөліміне түскен науқастың жағдайы қалыпқа түскен. Оған екі рет ота жасалған. Қазір нейрохирургия бөлімінде емделіп жатыр.

Полицияның мәліметінше, оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" және "Қаруды заңсыз сақтау, алып жүру және тасымалдау" бабымен іс қозғалған. Үш күдікті Алматы қаласында ұсталып, Шымкентке жеткізілген.

Шымкент орталығындағы мейрамханалардың бірінде 11 күн бұрын болған атысқа нақты не себеп болғаны белгісіз. Полиция атысқа кімдер қатысқанын, олардың не үшін атысқанын, күдіктілер мен жәбірленушілердің кімдер екенін туралы ақпаратты тергеу құпиясына байланысты бере алмайтындарын айтады. Кейбір БАҚ-тың хабарлауынша, екі қылмыстық топ төбелескен. Бірақ Шымкент полициясы бұл болжамды жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG