24 тамызда Нұр-Сұлтанда Қазақстанның бірнеше қаласынан келген бір топ адам Ақорда маңына жиналып, билікке талаптарын айтты. Борышкерлер президенттен қарыз жүктемесін азайтып, төленбей қалған ипотекасын кешіруді талап етті.
Белсенді Қанағат Тәкееваның сөзіне қарағанда, ипотекалық қарызды қайта қаржыландыруға үкімет 44,6 млрд теңге бөлген. Бірақ бағдарлама іске қосылғанмен бірнеше жылдан бері мәселесін шешуді талап етіп жүрген азаматтар одан тыс қалған.
– Тағы да шет қалдық. Банктер қарызымызды қайта қаржыландырудан бас тартты. Бірде-бір банк келіспей отыр. Ақша бөлінген, бірақ мүмкіндік жоқ. Көшеге еріккеннен шықпаймыз. Жоғарыдағылардан қандайда бір реакция болар деген үмітпен шығамыз. Шынын айтсақ, ары-бері сабылудан шаршадық, -дейді белсенді.
Борышкерлер арасында жалғыз баспанасынан айырылып, далада қалғандар көп. Белсенді Қанағат Тәкеева алдымен осы азаматтарға көмек қолын созуды сұрайды.
– Естіп, көріп отырмыз. Бізді "қайыршылар" деп атайды. Басындағы жалғыз үйін банк тартып алып, тентіретіп жіберсе, қайтпек енді?! Адамдарды осы деңгейге түсірген билік, – дейді борышкерлердің бірі.
Наразылардың кейбірі "Несие амнистиясы!", "Қарызды жою, халықты құтқару!", "Жеке сот орындаушылар жойылсын!" деген жазуы бар жейде киіп алған. Жиналғандар ара қашықтықты барынша сақтап, маска таққан.
Сәлден соң борышкерлердің алдына Есіл аудандық әкімдігінің өкілі шығып, жиынның "заңсыз" екенін ескертті. Аумақты полиция сырттай бақылап тұрды.
Кейінірек жиналғандар президент көмекшісі Тамара Дүйсеновамен кездесуге президент әкімшілігі ғимаратына беттеді. Ол жерде борышкерлердің арасынан үш адам ішке кіріп, өтініштерін қалдырып шықты.
Қанағат Тәкееваның сөзінше, президент көмекшісі ертең, яғни 25 тамызда сағат 11-де борышкерлермен арнайы онлайн–конференция өткізуге уәде берген. Оған жоғарғы сот төрағасы, ұлттық банк басшысы, әділет министрі, жеке сот орындаушылар палатасы төрағасы, бас прокуратура өкілдері қатыспақ.
Борышкерлер бұған дейін де талаптарын айтып, наразылық өткізген.
Оқи отырыңыз: Ақорда маңына тағы да борышкерлер жиналды
ПІКІРЛЕР