Accessibility links

Қытайлық TikTok қосымшасы АҚШ үкіметін сотқа берді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қытайлық танымал TikTok видео қосымшасы ұлттық қауіпсіздік мәселесіне байланысты қосымшаға тыйым салмақ болған АҚШ үкіметін сотқа берді. Шағым 24 тамызда Калифорния сотына келіп түсті. Оның авторлары компания америкалық қолданушылардың қауіпсіздігі мен жеке деректеріне қатысты мәселелерді жоюға күш салғанмен АҚШ үкіметі оны елемей отыр деп шағымданған.

Қытайлық TikTok желісі АҚШ-та ұлттық қауіпсіздік мәселесіне байланысты күдікке ілінген, себебі әлеуметтік желі қолданушылардың жеке ақпаратын жинап, Қытай үкіметі талап еткен жағдайда Пекинге тапсыруға заңмен міндеттелген. Дегенмен бұған дейін компания иесі "қолданушылар дерегі Пекинге беріледі" деген айыптауды жоққа шығарған.

Президент Дональд Трамп тамыз айының басында видео қосымшаның Қытай коммунистік партиясының қаралайтын кампаниясына құрал ретінде қолданылуы мүмкін екенін айтып, қытайлық TikTok-пен кез келген келісім жасауға уақытша тыйым салған еді. TikTok иесі ByteDance компаниясына қосымшаны сату туралы кеңес берілген. Ақпарат бойынша, сот процестері компанияны сату тәртібіне әсер етпеуі тиіс. Осыған дейін америкалық Oracle және Microsoft компаниялары TikTok-ты сатып алуға ынталы екенін білдірген.

TikTok өкілдері шағымда Трамп әкімшілігі Халықаралық төтенше экономикалық өкілет актісі (International Emergency Economic Powers Act) шарттарын дұрыс орындамай отыр деп көрсеткен. Компания өкілдері "бұл қатардағы жәй қоқан-лоқы емес" деп жазған.

Республикашылдар мен демократтар TikTok төңірегіндегі мәселеге алаңдады.

TikTok Пекиндегі ByteDance компаниясына тиесілі. Түрлі эффектілермен әрленген 15-60 секундтық шағын видеоны бөлісуге арналған TikTok әлеуметтік желісі алғаш 2016 жылы Douyin деген атаумен Қытайда таралған. Кейіннен сыртқы нарыққа шықты. 2018 жылы Muscial.ly компаниясымен қосылған соң әлемде жылдам тарала бастады. Қазір оның 1,5 миллиардқа жуық қолданушысы бар. Интернет қолданушысы желіге тіркелерде жеке басының мәліметін енгізуі керек.

Оқи отырыңыз: АҚШ Қытайдың "мемлекеттік қолдауға ие" технологияларына қарсы күресті күшейтпек

2019 жылы күзде TikTok желісі Қытайдағы мұсылмандарды қуғындау жайлы видеоны жойғанына кешірім сұраған. Роликте 17 жастағы блогер Фероза Әзиз кірпік ұзарту жайында айта келе, Қытайдағы мұсылмандардың жағдайына ойысады, оны Холокостпен теңестірген. Видеоролик жойылмай тұрғанда екі миллионнан астам рет көрілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG