Accessibility links

Шенеунікті "жалған сөйлегені үшін" сотқа тартпақ болған белсенді шағымын қарауға полиция "негіз таппаған"


Азаматтық белсенді Светлана Дружинина.
Азаматтық белсенді Светлана Дружинина.

Алматы прокуратурасы Алматы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың үстінен шағым түсірген азаматтық белсенді Светлана Дружининаның шағымын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі полиция департаментіне қайтарғанын хабарлады. "Жалған ақпарат таратты" деген айыппен шенеунік үстінен арыз түсірген тұрғынның шағымын қарауға полиция "негіз таппаған". Прокуратураның Азаттыққа жіберген жауабында осындай мәлімет айтылады.

23 шілдеде Дружинина Алматы қаласы полиция департаментіне қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың үстінен "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен шағым түсірген. Оған шенеуніктің коронавирус індеті күшейіп, дәрі тапшы кезде "дәрі-дәрмек жеткілікті, кейбір адамдар [тапшылық барын] айтып әлі хайп қуып жүр" деген сөзі себеп болған. Белсенді шағымын полиция заңда көрсетілгендей бір тәулік ішінде емес, 16 күннен соң, 7 тамызда тіркеген.

18 тамызда тікелей эфирде Азаттық сұрағына жауап берген Алматы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов Дружининаның шағымы прокуратураға жіберілгенін, одан соң шағымды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қарайтынын хабарлаған еді.

Бірақ Азаттық сұрағына жауап берген қала прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Рақышев мұны жоққа шығарып, "Дружининаның арызы бойынша аталған материал Алматы қаласының прокуратура органдарына түспеді" деп жауап берді. Рақышевтің жазуынша, шағым сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберіліп, полицияға қайтарылған. Прокурордың жазуынша, Қылмыстық-процессуалдық кодекске сай, белсенді айыптаған "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ішкі істер органдары жүргізуі керек.

Прокуратураның Азаттыққа жазуынша, қайтарылған шағымды қарауға полиция департаменті "негіз таппаған".

"Полиция департаменті арызды сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізімдемесіне тіркеуге негіздердің болмауына байланысты қараусыз қалдыру және номенклатуралық істе (наряд) сақтау туралы шешім қабылдаған" деп жазады Рақышев.

Видео: Белсенді "жалған сөйлеген" әкім орынбасарын сотқа берді (13 тамыз 2020 жыл).

Белсенді "жалған сөйлеген" әкім орынбасарының үстінен іс қозғата алмай жүр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:25 0:00

Азаттық прокуратура мәлімдемесі бойынша полиция департаментіне хабарласқанымен, жауап алу мүмкін болмады.

Құқық қорғаушылар сөзінше, белсенді Светлана Дружининаның шағымы – Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша, яғни "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айыппен бұрын-соңды шенеунік түсірілген бірінші арыз. Шағым есепке алынғанымен, полиция әуелі шағымданушы – Дружининаның өзін тергеген. Алматы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев 20 тамызда тергеуге шақырылмағанын растады. Азаттыққа сұхбат берген құқық қорғаушылар белсенділерді жауапқа тартқанда кідірмейтін полицияның билік өкіліне келгенде сылбырлығын "алалау" деп бағалаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG