Accessibility links

Сөзбұйдаға салынған шағым, тергелмеген шенеунік. Белсендінің "жалған сөйлеген" билік өкілімен күресі 


Белсенді "жалған сөйлеген" әкім орынбасарының үстінен іс қозғата алмай жүр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:25 0:00

Видеосюжет: Алматылық белсенді Светлана Дружинина "жалған сөйлеген" әкім орынбасарының үстінен полицияға арыз тапсырды. 13 тамыз 2020 жыл.

Алматылық белсенді Светлана Дружинина індет кезінде дәрі-дәрмек тапшы екенін жоққа шығарған қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевты "көрінеу жалған ақпарат таратты" деп айыптап, полицияға арыз жазды. Құқық қорғаушылар мұны прецедент дейді. Белсендінің арызын тек екі аптадан кейін тіркеген полиция шенеунікті әлі тергемеген. Сарапшылар белсенділерді жауапқа тартқанда кідірмейтін полицияның билік өкіліне келгенде сылбырлығын "алалау" деп атайды.

ӘКІМГЕ ТАЛАП

Алматы тұрғыны 38 жастағы Светлана Дружинина көп жылдан бері тұрғын үй мәселелерімен айналысады. Белсенді кейінгі бір айға жуық мерзімде қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың үстінен полицияға түсірген шағымы бойынша бума-бума қағаз реттеп, негізгі жұмысына әрең уақыт тауып жүр. Дружинина – Қазақстанда шенеунікті "жалған ақпарат таратты" деп айыптап, оны жауапқа тарту үшін күресіп жүрген бірінші адам.

Биыл жазда елде коронавирус індеті күшейгенде өзге тұрғындар сияқты Дружинина да сырқаттанып қалған жақындарына дәрі-дәрмек іздеп, бүкіл қаланы шарлап, дәріхана алдында сағаттап ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болды.

– Дәріханаларда қызу түсіретін де, вирусқа қарсы дәрілер де болмады, – дейді тұрғын.

Бірақ Дружинина Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтан басқаша дерек естіген. Тұяқбаев "әлі күнге дейін парацетамол мен аспирин жоқ деу – негізсіз сөз. Дәріханаларда тұр. <...> Дүрбелең туғызудың еш қажеті жоқ. Өкінішке қарай, әлеуметтік желілерде осыны желеу етіп, хайп қуып жүргендер бар" деп мәлімдеген.

Алматы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев.
Алматы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев.

Шенеуніктің бұл сөзі бүкіл қаланы аралап, іздеген дәріні таба алмай әуре-сарсаңға түскен Дружининаның шамына тиген. Белсенді үйінің маңындағы дәріханаға барып, сол жерден Facebook парақшасына алғашқы тікелей эфирге шығады.

– Бұл тікелей эфир шенеуніксымақ Тұяқбаевқа арналады. Қазір емдеу хаттамасындағы қандай дәрілер [дәріханада] барын көрсетемін, – дейді белсенді алғашқы видеосында.

"Хайп қуып жүрген жоқпын" деген акциямен Светлана Дружинина үш күн бойы Алматыда жиыны 15 дәріхананы аралап, оларда қандай дәрі бар-жоғын тікелей эфирде көрсетеді. Барған жерде дәріхана сатушысынан емдеу хаттамасындағы дәрілерді кезек-кезек атап, сұрайды. Бірлі-екілі дәріханада көп препараттың біреуі ғана табылғанымен, қалған ешбір дәрі болмай шығады. Тікелей эфирдің бірінде ол:

– Алматы әкімінің орынбасары қаладағы коронавирус пен пневмониядан емдеу хаттамасындағы дәрі-дәрмектің дәріханаларда бар-жоғынан мүлдем хабарсыз. Мұндай халық қызметшілерін жұмысынан қуып, мемлекеттік қызметке ендігәрі жолатпау керек, – дейді.

Дәріхана алдында кезекте тұрған адамдар. Алматы, 29 маусым 2020 жыл.
Дәріхана алдында кезекте тұрған адамдар. Алматы, 29 маусым 2020 жыл.

Шенеуніктің сөзіне Дружинина ғана емес, өзге тұрғындар да наразы болды. Желі қолданушылар Тұяқбаевтан дәріханалардан іздеп таппаған препараттарды қайдан алуға болатынын сұрап, кейбірі дәрі іздеп сабылған жұртпен телефон арқылы сөйлесуге шақырды.

16 шілдеде Светлана Дружинина Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа желі арқылы хат жазып, "көрінеу жалған ақпарат таратқан" орынбасарын жұмыстан шығаруды, құқық қорғау органдары арқылы оны қылмыстық жауапқа тартуды талап етті. "Бұған үш күн жетер" деп жазады ол.

Бірақ әкім белсендінің талабын орындамады. Мұнан соң Дружинина Тұяқбаевты жауапқа тартуға өзі кіріскен.

16 КҮННЕН СОҢ ТІРКЕЛГЕН ШАҒЫМ

23 шілдеде Светлана Дружинина Алматы қаласы полиция департаментіне қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың үстінен "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен шағым түсірді.

Заң бойынша, полиция шағым түскен соң бір тәулік ішінде арызды тергеп, тергеуді бастауы керек. Бірақ Дружининаның шағымын полиция бірден тіркемеген. 23 шілдеде түскен белсендінің арызы 16 күннен соң, тек 7 тамызда бір-ақ есепке алынған.

– Арыз жазғанымда полиция департаменті шағымға қатысты бір тәулік ішінде шешім қабылдауы керегін білгенім жоқ. Күте-күте, 16 күн өткенде тергеушіге хабарласқанымда шағымым есеп кітабына да тіркелмегенін білдім. Оның себебін сұрағанымда тергеуші "база істемей тұрды" деп жауап берді. Базаның 16 күн істемей тұруы мүмкін емес қой? – дейді Дружинина.

Азаматтық белсенді Светлана Дружинина.
Азаматтық белсенді Светлана Дружинина.

10 тамызда полиция департаментінің тергеу басқармасы белсендіні тергеуге шақырған. Сонда Дружинина полицияның әкім орынбасары Тұяқбаевты әлі тергемегенін білген.

– Тергеушіден "Неге 16 күннен бері Тұяқбаев тергеуге шақырылмаған?" деп сұрадым. Тергеуші "Қылмыс құрамы белгісіз" деді. "Барлық ақпаратты сілтемесімен қосып бердім. Неге танысып шықпадыңыз?" дедім. Тергеуші "жұмыс орнымда интернет жоқ" деді. Бұл тергеу созылып жатқанын, істі қарау үшін полицияның ештеңе істемей отырғанын білдіреді. Бізде шенеуніктер шектен шығып жатады. Көрінеу жалған ақпарат таратты деп айып тағылған қарапайым азаматтарды дереу тауып, жауапқа тартады. Ал шенеуніктер мұндай жазадан жалтарып кетеді, – дейді ол.

Азаттық Алматы тұрғыны Светлана Дружининаның шағымы бойынша қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевқа хабарласты. Полиция департаменті өзін әлі тергеуге шақырмағанын растаған шенеунік "шешімді құзырлы органдар қабылдасын" деп, комментарий беруден бас тартты.

11 тамызда белсенді Дружинина Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотына "шағымымды уақытында тіркемей, сотқа дейінгі тергеу жүргізбеді" деп полиция департаментінің тергеу басқармасының үстінен шағым түсірген. Дружинина бұл шағымын тергеу соты 25 тамызда қарайтынын, сот отырысы жабық өтетінін хабарлады.

Белсендінің шенеуніктің үстінен жазған арызы бойынша тергеуді қай орган жүргізері әзірге белгісіз. 18 тамызда Азаттық сұрағына жауап берген полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов Дружининаның шағымы прокуратураға жіберілгенін хабарлады.

Дәріхана алдында кезекке тұрғандар. Алматы, 8 шілде 2020 жыл.
Дәріхана алдында кезекке тұрғандар. Алматы, 8 шілде 2020 жыл.

– Олар істі кім жүргізетінін анықтайды. Сосын шағымды жемқорлыққа қарсы қызметке қарауға жібереді, – деді ол.

"23 шілде күні берілген шағым неге бірден тіркеуге алынбады?" деп сұраған Азаттық тілшісіне Таймерденов: "Бұл біздің құзырымызға кірмейді" деп жауап қайтарды. Алматы қалалық прокуратурасы шағым жайлы сұраққа телефон арқылы жауап беруден бас тартты. Азаттық жіберген ресми сауалхатқа әзірге жауап келмеді.

"КӨБІНЕ БЕЛСЕНДІЛЕР ЖАЗАЛАНАДЫ"

Светлана Дружинина шенеунікті айыптаған "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабын қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар көптен бері сынап жүр. Олар "Қазақстан билігі осы бапты белсенділер мен тәуелсіз журналистерді қудалау үшін пайдаланады" деп санайды.

Биыл маусымда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір "саяси бап" саналатын "Жала жабу" бабын қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске ауыстыру туралы заңға қол қойған. 174-баптағы "Араздық қоздыру" тіркесі де сол кезде "Алауыздық туғызу" болып өзгерді. Билік мұны "демократияландыру, реформалау" деп сипаттаған.

Бірақ "сөз бостандығын шектеуде қолданылады" деп бағаланған 274-бапқа ешбір өзгеріс енгізілген жоқ. Бас прокуратура дерегі бойынша, биыл жыл басынан бері "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен жүргізілген сотқа дейінгі 84 тергеу ісінің төртеуі сотқа жеткен.

Заңгер, азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев сотта отыр.
Заңгер, азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев сотта отыр.

Биыл осы бап бойынша сотқа тартылғандардың бірі – алматылық белсенді, заңгер Әлнұр Ильяшев. Ол Facebook-те биліктегі "Нұр Отан" партиясын сынаған жазбасы үшін "төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратты" деп айыпталған. Алматы соты маусым айында белсендінің бостандығын үш жылға шектеп, 100 сағат түзеу жұмысын атқаруға міндеттейтін және бес жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салатын үкім шығарды.

Ильяшев бұл бап бойынша көбіне азаматтық белсенділер жауапқа тартылатынын айтады.

– Қоғамға белгілі фактілерге қарасақ, қазір Қазақстанда бұл баппен азаматтық белсенділерді жауапқа тартатын тәжірибе қалыптасқан. Сәуірде жаппай жауапқа тарту науқаны жүрді. Оған мен де ілініп кеттім. 17 сәуірде кешкісін ұстап әкетті. Үш күннен соң, 20 сәуірде "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" шағымы бойынша [банктің "жөнсіз шығындары" туралы жазған] екі белсендінің – Марат Тұрымбетов пен Дания Қалиеваның үстінен тап осы бап бойынша іс қозғады, – дейді Әлнұр Ильяшев.

Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантин кезінде жалған ақпарат таратқан полиция қызметкерлері де болған. Бірақ олар қылмыстық жауапқа тартылмай, қатаң сөгіс алған. Мысалы, 25 мамырда Алматыға кіреберістегі полиция қызметкерлері күзетіп тұрған блокпосты бұзып өткен жеңіл автомобиль сол жердегі полиция патрулі көлігін соққан. Оқиға салдарынан патруль көлігінде болған екі полицей – 42 жастағы Жалғас Жанғазиев пен 26 жастағы Дастан Әбдіқанов қаза тапты. Әлеуметтік желіде "күдіктінің өзі полиция қызметкері" деген қауесет тарап, артынан Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек ол ақпаратты жоққа шығарған. Бірақ ертеңіне Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов 28 жастағы күдіктінің бұрын полицияда қызмет істегенін мойындады. Желі қолданушылары Әзірбекті "жалған ақпарат таратты" деп айыптап, оның қызметтен кетуін талап еткен. Алайда 27 мамырда басшылары оған қатаң сөгіс жариялаумен шектелді.

"ҚАНША ШЕНЕУНІК ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ?"

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросы директоры Евгений Жовтис "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы шенеуніктерге де қолданылады дегенге күмән келтіреді. Ол "полиция, прокуратура мен сот жүйесінің азаматтар мен шенеуніктерге қатынасы екі түрлі" дейді.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

– Бірдей айыппен көп жылға бас бостандығы шектелген шенеуніктер мен қарапайым азаматтарды мысалға алайықшы. Екеуінің қанша уақыт жаза өтейтініне қараңыз. 10-14 жылға сотталған министр, әкім орынбасарлары екі-үш жылда бостандыққа шығып жатады. Ал қарапайым азаматтар мерзімі біткенше өтейді, мерзімінің үштен екісін өтесе де, шартты жазамен бостандыққа шығуға қол жеткізе алмайды, – дейді құқық қорғаушы.

Жовтис мұның себебін "құқық қорғау органдары мен сот жүйесі шенеуніктерді жақын тап санап, соларға бүйрегі бұрады" деп түсіндіреді.

– Бұған дейін азаматтар құқығын бұзған қанша шенеунік жауапқа тартылды? Осыған қарап-ақ байқауға болады: құқық қорғау жүйесі шенеуніктер мен азаматтарды бөле-жара қарайды. Заңда жазылмаса да, сот жүйесі, прокуратура мен полиция психологиялық тұрғыда өздері "мемлекет" деп санайтын, ал шын мәнінде билікте отырған элитаны қорғаумен айналысады, – дейді Жовтис.

Құқықтық жүйе саяси жүйемен астасып жатқанда заң үстемдік құрады дегенге сенудің қажеті жоқ. 

Құқық қорғаушы "авторитар елдерге тән мұндай алалау Қазақстанда түбегейлі реформа болмай жалғаса бермек" деп санайды. Жовтис белсендінің шенеуніктің үстінен шағым түсіруін оң бағалағанымен, бұл қалыптасқан жүйеге үлкен өзгеріс әкелер деп ойламайды.

– Бәлкім, әлденені өзгертер. Адамдар жаппай қарсылық көрсетсе, сот та, басқасы да оған бір реакция танытады ғой. Бірақ бұл – қарлығаштың қанатымен су сепкендей тірлік. Дружинина сотта жеңер не жеңілер. Бірақ бұл жүйеге әсер ете ала ма? Жүйе нақты бір шенеунікке ғана байланып қалған нәрсе емес. Құқықтық жүйе саяси жүйемен астасып жатқанда заң үстемдік құрады дегенге, шенеунік пен қарапайым азаматтарға тең қатынас болады дегенге сенудің қажеті жоқ, – дейді ол.

"БҰДАН ӘРІ ТӨЗБЕЙМІЗ"

Светлана Дружинина қазір Алматының тергеу сотында қаралатын полиция департаментінің үстінен түсірген шағымы бойынша өзіне адвокат іздеп жүр.

Бұдан бөлек ол "Алматы полициясы арызын бірден қарамай, істі созбақтағанын" жазып, мемлекеттік қызмет істер агенттігіне, ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураға да тексеру жүргізу талабымен хат жібергелі жатқанын айтты.

Әдейі ұрына бермеңдер, бұдан әрі төзіп отырмаймыз.

Осылайша белсенді қала әкімінің орынбасары Тұяқбаевтың үстінен түсірген шағымы әділ қаралауын талап етпек. Өзі "жалған сөйлеген шенеуніктің жазалануына қол жеткізу – бұлжымас позициям" деп біледі.

"Шағымыңыз бойынша шынайы тергеу жүріп, әділ, бейтарап сот өтеріне сенесіз бе?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына Дружинина былай жауап берді:

– Әділдікке қол жеткізуім неғайбыл екенін жақсы түсінемін. Бірақ осы іс арқылы билікке: "Әдейі ұрына бермеңдер, бұдан әрі төзіп отырмаймыз" деп позициямызды білдірмекпіз.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG