Accessibility links

"Айқайлап, қорлап, қорқытты". Белсенді полицияны жауапқа тартпақшы


Азаматтық белсенді Фариза Оспан Шымкенттегі Еңбекші аудандық полиция басқармасының алдында наразылық білдіріп тұр.

Қазақстандық белсенді Фариза Оспан Шымкент полицейлерін "наразылыққа шыққанымда ұрлап әкетіп, бостандығымды заңсыз шектеп, қорлады" деп айыптайды. Оның арызы бойынша "билігін асыра пайдалану" бабы бойынша іс қозғалып, тергеу басталған. Құқық қорғаушылар бұл істі "прецедент" деп атағанымен, жеңістің ауылы әлі алыс дейді.

Полиция формасын емес, қарапайым киімдегі төрт ер адам нәзік қызға тап беріп, көшедегі жүргіншілердің көзінше көлікке салғанда, оқиғаға куә болғандар оны үнсіз ғана бақылап, көмекке шақырған дауысты естісе де елеусіз қалдырды. "Oyan, Qazaqstan" оппозициялық жастар қозғалысының белсендісі Фариза Оспан Шымкент қаласында тападай тал түсте өзін ұрлау операциясы қалай өткенін осылай сипаттайды. Белсенді 6 шілде күні Шымкент қалалық сотының алдында жалғыз өзі пикет өткізбек болған. Бірақ бірнеше адам плакатын шығарып үлгермеген белсендінің қолын қайырып, күштеп алып кеткен.

"АДВОКАТТАР ФИЛЬМДЕРДЕ ҒАНА БОЛАДЫ"

Фариза Оспанды Шымкенттің Еңбекші аудандық полиция басқармасына апарған. Өз айтуынша, полиция белсендінің телефонын тартып алып, кабинетті ішінен құлыптап қойған. Фаризаның адвокат шақыру туралы өтінішіне полиция күліп, "Адвокаттар фильмдерде ғана болады" деп жауап берген. Белсендінің сөзінше, полиция басқармасында өткізген үш сағат оған тозақ сияқты көрінген. Ол полиция қызметкерлері өзін балағаттап, қорлап, жекіп, тіл тигізіп, ұрып-cоғамыз деп қоқан-лоқы көрсеткенін айтады. Фаризаның сөмкесін ақтарып, "Сұлулық туралы аңыз" деген кітап тапқан полиция қызметкерлерінің бірі белсендіден "Сұлу емеспін деп ойлайсың ба?" деп сұраған. Жоқ деген жауап естігенде, миығынан күліп, "Бекер олай ойлайсың" деп айтқан.

Белсенді Фариза Оспан өзін ұстауға келе жатқан кезде суретке түсіріп үлгерген полицейлердің бірі.
Белсенді Фариза Оспан өзін ұстауға келе жатқан кезде суретке түсіріп үлгерген полицейлердің бірі.

Полиция басқармасында Фариза Оспанды суретке түсіріп, саусағының ізін алып, түсініктеме жазғызған соң ешқандай айып тақпай, босатқан.

Фариза Оспанның Шымкенттің мамандандырылған ауданаралық тергеу сотына жіберген хатында "Мені ұстаған полиция қызметкерлерінің ешқайсысы кім екенін айтпады, жеке басы мен құзыретін растайтын құжат көрсеткен жоқ. Заң мен өз құқықтарымды айтқан сайын, күлкіге айналдырды. Ешқандай қаулы толтырмастан заттарымды ақтарып қарады. Маған белгісіз қылмыстық іс бойынша қылмыстық есепке қою үшін саусағымның ізін алып, суретке түсірген кезде де заң талаптарын бұзды" делінген.

Ол сотқа мемлекеттік инстанцияларда "әр есіктің табалдырығын тоздыруға" бір айға жуық уақыты кеткеннен кейін бір-ақ жүгінген. 7 шілдеде Оспан бас прокуратурадағы құқықтық статистика жөніндегі комитеттің қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы хабар беруге арналған порталы арқылы полиция қызметкерлерінің үстінен арыз түсірген. Бірақ билік сотқа дейінгі тергеуге себеп таппаған. Шымкент прокуратурасы белсендінің арызын тіркеуге асықпаған.

Фариза Оспан өзін сотта қорғаған құқық қорғаушы Ерлан Қалиев пен арыз жазуға көмектескен тағы бір құқық қорғаушы Татьяна Чернобильдің көмегімен жақында полиция қызметкерлерінің үстінен "билігін асыра пайдалануы" фактісі бойынша тергеу басталуына қол жеткізген.

– Бұл сондай бір жан тебірентерлік сәт болды, жылап қалдым. Бұған қоғамдық резонанстың арқасында қол жеткіздік деп ойлаймын. Қоғам бұл істі жіті қадағалап отырды. Мен [әлеуметтік желілерге] жазып отырдым және жалғыз мен ғана емес, басқалар да жазды. Мұндай істер туралы хабар таратудың маңызды екеніне тағы да көз жеткіздім, – дейді сот шешімі жайлы хабарды қалай қабылдағанын еске алған белсенді.

Азаматтық белсенді Фариза Оспан.
Азаматтық белсенді Фариза Оспан.

Ерлан Қалиев соттың белсендінің екі арызының тек біреуін – арызды тіркеуден бас тартуды заңсыз деп тану және қылмыстық іс қозғауды сұраған өтінішін ғана қанағаттандырғанын айтты. Сот "5 тамызда прокуратураның күш салуының арқасында қылмыстық іс қозғалды" деген сылтаумен Шымкент прокуратурасына қатысты жеке қаулы шығарудан бас тартқан. Құқық қорғаушының пікірінше, бұл жағдайды "прецедент" деп атауға болады.

– Осыған дейін заңсыз әрекетке бару фактілері бойынша прокуратураға арыз беретінбіз. Олар өз кезегінде, біз ұсынған фактілерді тексеру үшін арызды жеке қауіпсіздік басқармасына жіберетін. Нәтижесінде бірнеше айдан соң "қызметтік тексеру кезінде полиция қызметкерлерінің әрекетінен қылмыстық жазаға тартылатын белгі табылмады" деген жауап келетін, – дейді Ерлан Қалиев.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.
Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.

ПОЛИЦИЯҒА НЕ РҰҚСАТ ЕТІЛГЕН, БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ ҚАНДАЙ ТЫЙЫМ БАР?

Сот ғимаратының алдында өтпей қалған пикетке Фариза Оспан келесі күні, 7 шілдеде соты басталады деп күтілген алматылық белсенді Әсия Төлесованы қолдау үшін шықпақ болған. Бұл кезде Төлесова бір айдан бері қамауда отырған еді: оған полицияға "күш қолдану" және "билік өкілін қорлау" айыбы тағылған болатын. Ол 6 маусымда Алматыда өткен оппозициялық митинг кезінде полицияның бейбіт наразылық акциясына шықпақ болған адамдарды күшпен ұстап жатқанын көріп, эмоция үстінде бір полиция қызметкерінің басындағы қалпағын қағып жіберіп, оның әріптестерін "оңбағандар", "жексұрын мент" деп атағаннан кейін тұтқындалған. Төлесова өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ, бірақ "ашу үстінде өзін ұстай алмағаны үшін" полиция қызметкерлерінен кешірім сұрады.

12 тамызда Алматының Медеу аудандық соты экологиялық бастамалары мен азаматтық акциялары арқылы танылған алматылық белсенді Әсия Төлесованың бостандығын бір жарым жылға шектеу туралы үкім шығарды.

Аталған іс бойынша өткен сот процесіне жәбірленуші ретінде қатысқан алты полиция қызметкері Төлесованың сөзі олардың "қадір-қасиетін қорлағанын", ал соққыдан қалпағы ұшып түскен және белсенді автозактың алдында итеріп жіберген екі полиция қызметкері "физикалық ауырсыну сезімі болғанын" айтқан.

Қазақстанда биліктің рұқсатынсыз өткен наразылық акциялары кезінде және оған дейін азаматтарды ұстау үйреншікті іске айналған. Әдетте полиция митингіні болдырмау немесе наразылық акциясын тарату үшін күш қолданып, ешқандай қарусыз, бейбіт жүрген адамдарды, кейде тіпті сол жерден кездейсоқ өтіп бара жатқан азаматтарды тарпа бас салып ұстап, арнайы көлікке (автозак) сүйрей жөнеледі. Кейде белсенділерді үйінен шыққан бетте, наразылық өтетін жерге барар жолда немесе митинг күні өз шаруасымен кетіп бара жатқанда ұстап, алып кетеді. Сосын оларды бірнеше сағат бойы полиция бөлімшесінде ұстап, "бейбіт жиын туралы заңды бұзғаны"туралы әкімшілік іс қозғайды. Кейін сот оларды түрмеге жабады немесе айыппұл салады. Кей азаматты бірнеше сағат тергеген соң босатады.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтистың айтуынша, полицияны жауапқа тартуға талпынатындар өте аз кездеседі. Құқық қорғаушы полицияны жазалау және оларға қарсы қозғалған істі сотқа дейін жеткізген кезі болғанын еске түсіре алмады. Елде "өкінішке қарай, бәрі айыппұл салу, әкімшілік жазаға кесу сияқты белгілі тәртіпке сай жүреді, ал [полицияның] үстінен берілген шағым қанағаттандырылмайды" дейді ол.

Жовтис Фариза Оспанның басынан өткен оқиға бойынша қозғалған істе жеңіс туралы айтуға әлі ерте деп есептейді.

– Олар арызды сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркеуге міндетті, сондықтан соттың басқа амалы болмады. Бірақ өз тәжірибеме сүйенер болсам, соттың кез келген шешім қабылдауы мүмкін екенін білемін. Сот әртүрлі сылтау айтып, арыз иесінің өтінішін қанағаттандырмауы мүмкін. Фактілер мен аргументтер анық көрініп тұрса да, бәрібір көмектеспейді. Арыздың тіркелгені жақсы. Ары қарай не болады? Әзірге мұны жеңіс деп атауға ерте, бірақ бұл дұрыс бағытта жасалған шағын қадам. Ары қарай тергеу жүргізу керек, сонда істің қалай аяқталары белгілі болады, – дейді Жовтис.

Астана тұрғыны Жанбота Әлжанованың басынан өткен жағдай мұндай істердің соңы жағымсыз аяқталатынына жарқын дәлел бола алады. 2019 жылы 9 мамырда, оппозиция митинг өтеді деп жариялаған күні (Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған президент Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетіп, ол орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауын жариялағаннан кейін елде наразылық күшейген) белгісіз екі адам жолаушылардың көзінше Әлжанованы өздері көлікпен жолын бөгеген шағын автобустан күшпен алып шыққан.

– Олар мені ұстап, автобустан алып шығып, қоғамдық көліктің жолын бөгеген көлікке қарай сүйрей жөнелді. Көліктен тағы бір адам шығып, аяғымнан ұстады. Осылай үшеуі қарсылығыма қарамастан мені күштеп көлікке салды. Көлікте қайда апаратынын айтпай, жібермей ұстап отырды. Олар ұстаған жерлерде көгерген және тырналған іздер қалды. Мұны кейін криминалистер тіркеді, – дейді Азаттық тілшісіне басынан өткен оқиғаны баяндаған Жанбота.

Белсенді Жанбота Әлжанова (оң жақта). Нұр-Сұлтан, 11 шілде 2019 жыл.
Белсенді Жанбота Әлжанова (оң жақта). Нұр-Сұлтан, 11 шілде 2019 жыл.

Фариза Оспанды ұстап әкеткен кездегідей, Әлжановаға да ешқандай айып тағылмаған. Оны полиция бөлімшесінде бірнеше сағат ұстағаннан кейін босатқан. 11 мамырда Әлжанова өзін ұрлау фактісі бойынша арыз жазған. Тергеу ісін астаналық полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы қолға алған. Іс 9 маусымда қозғалған. Жанбота өзін ұстау кезінде телефонына түсіріп үлгерген суреттерге қарап, ұрлаған адамның тұлғасын анықтаған. Ол полиция майоры болып шыққан. Жанбота автобус камерасынан өзін көліктен күшпен алып түскенін растайтын видеоны да қараған. 9 шілдеде Әлжанованы жәбірленуші деп таныған, ал екі жарым аптадан соң, "қылмыс құрамы жоқ" деген себеппен істі жапқан. Әлжанова бұл туралы аталған шешімге қарсы шағым беруге болатын мерзім өтіп кеткенде бір-ақ білген. Істі тоқтатуға байланысты шағым беру құқығын сот арқылы қалпына келтіру мүмкін болмаған.

Фариза Оспан әлі күнге дейін осыдан бір айдан астам уақыт бұрын өзін ұстаған полиция қызметкерлерінің аты-жөнін білмейді. Әзірге айыпталушылар мен жәбірленуші бетпе-бет кездеспеген, ешқандай тергеу шарасы өтпеген. Тергеу жүргізумен белсенді өзін ұрлап, заңсыз бостандығын шектеді деп айыптаған полиция қызметкерлерінің әріптестері – Шымкент қалалық полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері айналысып жатыр.

  • 16x9 Image

    Бағдат АСЫЛБЕК

    Бағдат Асылбек - Азаттықтың Алматыдағы штаттан тыс тілшісі. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облыстық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын жергілікті "Диапазон" газетінен бастаған. Қазақстандағы басылымдарда жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG