Accessibility links

Бейбарыс Толымбеков: "Билік өзгеріс жасайды деп ойламаймын. Үміт жоқ"


Бейбарыс Толымбеков: Демократиялық өзгеріс ешқашан жоғарыдан жасалмайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:27 0:00

2019 жылы Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы алдында, 21 сәуірде Алматы марафоны кезінде әділ сайлауды талап еткен плакат ұстап, 15 күнге қамалған, кейін әскерге шақыртылған Бейбарыс Толымбеков әскери міндетін орындап, үйіне оралды. Толымбеков Азаттыққа берген сұхбатында саяси ұстанымы мен әскердегі өмірі жайлы айтып берді.

Былтыр наурызда Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетіп (Қауіпсіздік қызметінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын әлі ұстап отыр), орнын өзі таңдаған Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған соң елде жастар саяси шешімдерге қарсы акциялар өткізді. 21 сәуірде Алматы марафоны кезінде белсенді жастар жол шетіне "Шындықтан қашып құтылмайсың. Әділ сайлау үшін" деген плакат ілді.

Кейін осы акцияға қатысқан ​Бейбарыс Толымбеков пен Әсия Төлесова 15 тәулікке қамалды, сот бірнеше жас белсендіге айыппұл салды. Толымбеков қамаудан шыққан соң бірден әскерге шақыртылды. ​Бір жыл Жамбыл облысы Отар гарнизонында әскери міндетін өтеп келген белсенді "елде демократиялық өзгерістер байқалмағанын" айтады.​

Белсенді Әлия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков "Шындықтан қашып құтыла алмайсың" деген жазуы бар плакат ұстап тұр. Сурет Facebook желісінен алынған.
Белсенді Әлия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков "Шындықтан қашып құтыла алмайсың" деген жазуы бар плакат ұстап тұр. Сурет Facebook желісінен алынған.

Азаттық: Бейбарыс, былтыр, яғни, Жастар жылы "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген плакат іліп, әділ сайлауды талап еткен акцияға шыққан соң 15 тәулікке қамалып, кейін сізді әскерге алып кетті. Мұны саяси қуғын деп қабылдадыңыз ба?

Бейбарыс Толымбеков: Қалай десек те, мұның саяси астары болды. Себебі әскери комиссариат қызметкерлері [үйімнің маңында] түнеді деуге болады. Мені тоқтаусыз іздеп, қудалады. Телефон арқылы іздеді. Қала ортасында жүргенде де бақылады. Сондықтан саяси астары бар деп ойлаймын. Бірақ әскерге барғанда ол байқалмады. Келгеннен кейін командиріме маған өзгелер сияқты тәртіппен жағдай жасалса, әскерге барудан бас тартпаймын дедім.

Азаттық: Әскерде бір жыл болдыңыз. Осы уақыт ішінде билікке көзқарас, ұстанымыңыз өзгерді ме?

Бейбарыс Толымбеков: Әрине, өзгермеді. Біздің акциядан кейін билікте де үлкен өзгеріс болды деп айта алмаймын. Керісінше қорықты. Өзгеріс тек қана халықта бар. Маған ұнайтыны – азаматтық қоғамның дамып, ояна бастауы. Азаматтық қоғамда өзін-өзі басқару, қиын жағдайда азаматтарға көмектесу сияқты принциптері пайда болды. Бізден кейін адамдар жалғыз өзі наразылыққа плакат ұстап шыға бастады. Қазір билік митинг, шерулер туралы жаңа заң қабылдап жатыр. Көп талап ескерілмеген. Бұл заң қоғамда басталған құбылыстың дамуын керісінше қиындата түспек.

Алматыдағы марафон кезінде белсенділер ілген "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер. 21 сәуір 2019 жыл.
Алматыдағы марафон кезінде белсенділер ілген "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер. 21 сәуір 2019 жыл.

Азаттық: Әскерде басшылық немесе қатарластар тарабынан қандай да бір қиындықтар болды ма? Әрине, ол саяси ұстанымыңызбен байланысты болуы да, болмауы да мүмкін.

Бейбарыс Толымбеков: Әскери өмір қиындықсыз болмайды. Тәртіп бар. Бәрімен бірдей жауынгерлік міндетімді атқардым. Бөлімшедегі офицерлер дұрыс қарады. Бәрі естіген, көрген әскери өмір. Көзқарасыма байланысты қысым, қиындық болмады.

Азаттық: Өзіңіз көрген, байқаған жайттарды сұрайын. Қазақстанда әскери салада нені өзгерту керек деп ойлайсыз?

Бейбарыс Толымбеков: Қазақстандағы бюрократия қандай дертпен ауырады, әскери салада да сондай. Өз ішінде топтастырылған әртүрлі ұйымы бар. Осы жүйенің бір саласы болған соң, қатты айырмасы жоқ. Әскери салада өзгеріс енгізу үшін ең бірінші мемлекетте өзгеріс болуы керек. Бізде әскер саны 130 мыңнан асады. Бізде доктрина бойынша әскер саны аз. Әрі қарулы күштер жоғары деңгейде мамандырылған болуы тиіс. Шындығында, солай ма? Оған сарапшы ретінде баға бере алмаймын. Бірақ жауынгер ретінде бізде саланың жетік дамымағанын байқадым. Қарапайым ғана мысал, әскери бөлімдегі жағдай, тамағымыздың өзі нашар болды. Бұдан басқа айтар бір жайт, бізде қаруды сатып алуды қадағалайтын механизм жоқ. Жемқорлық көп. Ол қару сататын корпорациялармен және әскери ғылымға бөлініп жатқан ақшамен байланысты. Жалпы бұл сала да мемлекеттік жүйеден бөлек кете алмайды.

Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбеков сот залында тұр. 21 сәуір, 2018 жыл.
Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбеков сот залында тұр. 21 сәуір, 2018 жыл.

Азаттық: Әскердегі жастар саясатқа қызыға ма екен? Олар не ойлайды? Мынаны өзгерту керек дегендей бір ұсыныс, талаптары бар ма?

Бейбарыс Толымбеков: Әр аймаққа байланысты. Әр өңірден келгендер әртүрлі. Менің ротамдағы балалар бүкіл Қазақстаннан келген. Өкінішке қарай, Алматыдан барғандардың ғана саяси сауаты барын байқадым. Өзге жақтан келгендердің елде не болып жатқаны және ол туралы көзқарасы қалыптаспаған. Бірақ олар өзін патриот санайды. Білуге қызығушылықтары бары ұнады. Әскерде "Мемлекеттік құқықтық дайындық" пәнін оқыдық. Бұл сабақта түрлі заң, президенттік бағдарламалармен таныстырады. Сол кезде түрлі пікірлер айтылады. Ондай кезде қатарлас жігіттерге капитализм қалай жұмыс істейді, азаматтық қоғам мен демократиялық институт деген не дегендей тақырыптарды түсіндіруге тырыстым.

Азаттық: Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болып сайланғанына бір жылдай болып қалды. Сайлау алдында, сайлау кезіндегі наразылықтар кезінде мыңдаған адам ұсталды, қамалды. Бірақ билік сайлау әділ өтті дегенге сендіргісі келеді. Бұған қаншалықты сендіңіз?

Бейбарыс Толымбеков: Әу басында сенбедім. Біз де акцияға әділ сайлау жоқ екеніне елдің назарын аудару үшін шыққан едік. Дауыс бұрмаланатынын, "өтірік кандидаттар" қатысатынын түсіндік. Оппозиция өкілі деп кандидат шыққанда "бәрібір келіспеген кандидаттар болмайды" деп ойладым. Мұның бәрі сайлау нәтижесін алдын ала белгілі етті. Сайлау әділетсіз өтті. Осындай пікірді ЕҚЫҰ өкілдері де мәлімдеді. Наразылықтар да соны көрсетті. Әскерде көп ақпараттан тыс қалдым. Дегенмен кейін білгенім бойынша, "сайлау нәтижесі әділ емес" деп мойындамағандар көп болған.

Шетелдегі қазақ жастары да Төлесова мен Толымбековті қолдап, акцияға шықты. 24 сәуір 2019 жыл
Шетелдегі қазақ жастары да Төлесова мен Толымбековті қолдап, акцияға шықты. 24 сәуір 2019 жыл

Азаттық: Алматыда өткен марафондағы акциядан кейін жастардың саяси белсенділігі артты. "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы құрылды. Өзіңізді осы қатардан көреміз бе?

Бейбарыс Толымбеков: Әлбетте. Қатарлас, жолдастарым да сонда ғой. Сол топтың ішіндемін. Әскерден енді келген соң қаладағы өмірге бейімделіп жатырмын. Саяси белсенділікті жалғастырғым келеді. Бір жыл бойы ойлағаным сол болды. Уақыт тауып, көп кітап оқуға тырыстым. Белсенділігім былтыр қай жерден тоқтады, сол арадан жалғастырсам деймін. Осы бағытта жоспарларым бар.

Азаттық: Осы "Oyan, Qazaqstan" қозғалысындағы әріптестеріңіз сайлау жүйесін реформалау, парламенттік басқаруға өту, сот жүйесін өзгерту сияқты талап қойып жүр. Өзге азаматтық белсенділер де ішінара осындай ұстанымда. Билік мұны орындайды деп үміттенесіз бе?

Бейбарыс Толымбеков: Жоғары билік өзгеріс жасайды деп ойламаймын. Ондай үміт жоқ. Әлем тарихында биліктегілердің өздері реформа жасаған оқиғасы сирек. Өзгеріске мемлекеттік жүйеден бөлек – азаматтық қоғам мұрындық болады. Демократия бізге мемлекеттің дұрыс жұмыс істеуі үшін керек. Ол дегеніңіз ұйымдасудың ең жоғары түрі. Айтылған талаптар демократияның дамуымен келеді. Ал демократиялық өзгеріс жоғарыдан емес, төменнен басталады.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет!

  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG