25 тамызда Қазақстанда белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 781 адам шалдыққан, 7 адам қайтыс болған. 351 адам жазылған. Бұл туралы сәрсенбі күні таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазақстан үкіметі коронавирустық пневмония есебін 1 тамыздан бастап жүргізіп келеді. Тамыздың басынан осы күнге дейін коронавирустық пневмонияға барлығы 23 543 адам шалдыққан. Осы аралықта 268 адам қайтыс болған. 4 901 адам жазылған.
Ведомство мәліметінше, бір күнде Сovid жұққаны зертханалық талдаумен расталған 10 адам қайтыс болған. 585 адам жазылған. 13 наурыздан бері барлығы 1544 адам Covid-тен қайтыс болған. 93 990 науқас жазылған.
Қазір коронавирус инфекциясынан 9 541 адам емделіп жатыр. 49-ы – бала. 4 786 науқас стационарда жатыр. 305 адамның жағдайы – ауыр, 56 адамның жағдайы – өте ауыр. 47 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирус пен белгілері коронавирусқа ұқсайтын ауруға шалдыққандар есебін біріктіруге кеңес берген. Ұйым ресми сайтында екі көрсеткішті біріктіріп көрсеткен. Ондағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 127 462 адам Covid-ке шалдыққан.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі шілде айының ортасында бұл екі көрсеткішті біріктіретінін айтқанмен кейінірек бұл ниетінен айныған. Билік дерегі бойынша, елде 105 мыңнан астам адамға коронавирус жұққан.
Кейбір сарапшылар Қазақстанның ресми орындары берген Covid статистикаға күмән келтіреді.
ПІКІРЛЕР