Accessibility links

АҚШ-та қара нәсілді адамды атқаннан кейін туындаған наразылық жалғасып жатыр


Полицей қара нәсілді азаматты атқаннан кейін туындаған тәртіпсіздік.
Полицей қара нәсілді азаматты атқаннан кейін туындаған тәртіпсіздік.

АҚШ-тың Висконсин штатындағы Кеноша қаласын ұлттық гвардия сарбаздары бақылап тұр. Кеш батқанға дейін белсенділер ұсталып, наразылықтар түні бойы жалғасып жатыр.

Кеноштағы наразылық республикашылдардың ұлттық съезінде талқыланды. Полицей оғынан жараланған 29 жастағы Джейкоб Блейктің отбасына Трамп әкімшілігінде ең жоғары қызметте отырған афроамерикалық, тұрғын үй құрылыс министрі Бен Карсон демеу білдірді.

Ол осындай қиын шақта қайғылы оқиға кезінде зардап шеккен өзге отбасылармен де бірге екенін жеткізді.

Блейкті полиция басқармасында жеті жыл істеген офицер Рустен Шескидің атқаны белгілі болды. Наразылар оған айып тағуды талап етіп жатыр.

Ал Блейктің туысы CNN арнасына берген сұхбатында Джейкобтың әкесінің ауруханаға қалай барып жүргенін айтты.

"Ол палатада кісенмен жатқан ұлын көріп, қатты налыды. Ұлы белден төмен қарай қозғала алмайды, жүре де алмайды, ал оны төсекке кісендеп қойған. Не үшін?" деді Блейктің туысы.

Жексенбі күні Джейкоб Блейкті ұстамақ болған полицей оның арқасынан жеті рет атқан.

27 тамызда АҚШ әділет министрлігі Висконсин штатына "тәртіпсіздікті реттеу үшін" шамамен 200 шақты сарбаз жіберген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG