27 тамызда Қырғызстанда коронавирус пен белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққан 128 жаңа науқас анықталған. Адам өлімі тіркелмеген. Бұл туралы жұма күні денсаулық сақтау вице-министрі Нурболот Усенбаев хабарлады.
Өткен тәулікте ең көп науқас Жалалабад (27), Баткен облыстарында (21) Бішкек (18) қаласында тіркелген. Бейсенбі күні бірде-бір облыс пен қалада коронавируспен байланысты адам өлімі болмаған.
Ресми мәлімет бойынша, наурыздан бері елде 1 058 адам коронавирустан қайтыс болған. Денсаулық сақтау министрлігі 18 тамызда қаза болғандардың статистикасын қайта қарап шыққанын, 437 адамның өліміне "басқа ілеспе ауру себеп болды" деп мәлімдеген еді. Олар бұған қоса, 8 адам өлімі екі рет есептеліп кеткенін айтқан. 18 тамызға дейін елде вирустан қайтыс болғандар саны 1498 адамға жеткен болатын. Ведомство мәлімдемесінен кейін коронавируспен байланысты адам өлімі статистикасы шамамен 500-ге қысқарған.
Бейсенбі күні 7 медицина қызметкеріне коронавирус жұққаны анықталған. Эпидемия басталғалы бері елде 3123 медицина қызметкеріне вирус жұққан. 2424-і жазылған.
Елде вирус жұқтырғандардың жалпы саны 43 587 адамға жетті. 37 мыңнан астамы жазылған.
Оқи отырыңыз: Бішкекте вирустан көз жұмғандардың туыстары жақындарының өлімін зерттеуді талап етті
ПІКІРЛЕР