28 тамыз күні Ақтөбе облыстық сотының апелляция алқасы "ҰБТ қарсаңында мектеп директорларынан 100 мың теңгеден жинады" деп айыпталған Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобыландинді ақтап шықты.
"Аудан әкімінің орынбасары ақша жинады" деп сегіз мектептің директоры шағымданған еді. Әкім орынбасарын бірінші инстанция – Мұғалжар ауданының соты да "ақша жинауға тапсырма бермеген, директорлар өздері жинаған" деп ақтаған. Осыдан кейін екі директор аппеляциялық шағым түсірген.
– Бұл – осыдан 1,5 жылдай бұрын яғни, 2019 жылғы маусым айында болған оқиға. Уақыт өткен сайын жәбірленушілер саны азая берді. Сегіз директор шағымданған едік. Қылмыстық іс апелляциялық алқаға жеткенше сол сегіз директордан екеуміз ғана қалдық, - дейді шағымданушы, Мұғалжар ауданы Ембі қаласындағы №2 мектеп директоры Райымбек Мұсағали.
Ақтөбе облыстық соттың хабарлауынша, мектеп директорларының басым көпшілігі сотта ақша жинау туралы шешімді өз ықтиярымен қабылдағанын айтқан.
Шағымданушылардың бірі Райымбек Мұсағалидің сөзінше, 2019 жылғы 31 мамыр күні Мұғалжар әкімдігінде болған жиналыста әкімнің орынбасары Ғалым Қобыландин "ҰБТ өткізуге келетін комиссияны күтіп алып, қонақасы беру үшін" мектеп директорларына 100 мың теңгеден ақша жинауды тапсырған. Осыдан кейін Райымбек Мұсағали Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақтөбедегі департаментіне шағымданған. Директордың сөзінше, жасырын тергеу амалдарын жүргізген жемқорлыққа қарсы департамент өзін аудио, видео құрылғылармен жабдықтап, аудан әкімдігіне жіберген.
Мұсағали мектеп директорларынан жиналған 540 мың теңгені аудан әкімінің орынбасары Ғалым Қобыландинге беруге әрекет еткенін, ол алмаған соң "шенеуніктің сенімді адамына" тапсырғанын айтады.
"Қызмет бабын асыра пайдаланды" деп айыпталған Ғалым Қобыландиннің адвокаты Жұмабай Арыстанов "қылмыстық қудалау органы мектеп директорларын пайдаланып, аудан әкімінің орынбасарын арандатпақ болған" деп санайды.
– Сот залында Райымбек Мұсағали мен жедел іздеу қызметкерінің әңгімесі тыңдалды. Бұл – 2019 жылғы 20 маусым күнгі жазба. Онда Мұсағали "Қобыландинге былай да айттым, былай да бардым. Тапсырма бермейді. Енді не істеймін? Жаңа ғана шығып кетті. Қайтадан келді. Ол іште отыр, аңдып отырмын" дейді. Осы аудиодан-ақ Мұсағалидің арандатпақ ниеті болғаны көрініп тұр. Осы негізде Мұсағалидің үстінен "Парақорлыққа арандату" бабымен қылмыстық іс қозғалуы тиіс, – деді адвокат Арыстанов.
Апелляциялық сатыда мектеп директорын қорғаған адвокат Нұрбибі Есмағамбетова сот құрамына сенімсіздік танытып, істің өзге облыста қаралуын талап еткен. Сот бұл өтінішті қанағаттандырмаған.
Адвокат Есмағамбетованың сөзінше, шағымданушы Мұсағали сот шешімімен келіспейді, енді олар Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсірмек.
20 жыл мектепте істеген Мұсағали жұмыс барысында жүйелі түрде ақша жиналғанын айтады. Сөзінше, жиналатын қаржы көлемі "жоғарыдан түскен тапсырмаға сай" 5-10 мың теңгеден бастап, 100 мың теңгеге дейін жеткен.
Қазақстанда мектептерде мұғалімдерден ақша жиналатыны бұған дейін де жиі айтылатын. 2019 жылы желтоқсанда билік "Мұғалім мәртебесі" заңын қабылдады. Бұл заңға сай, мұғалімдерден ақша жинауға, оларды кәсіби қызметінен тыс жұмыстарға тартуға тыйым салынады.
ПІКІРЛЕР