Accessibility links

Covid пен пневмония. 30 тамыз күні 13 адамның өлімі тіркелді


Коронавирус пандемиясы кезінде көшелерді залалсыздандыру. Көрнекі сурет.
Коронавирус пандемиясы кезінде көшелерді залалсыздандыру. Көрнекі сурет.

Кеше, 30 тамыз күні Қазақстанда ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын, бірақ ПТР тестімен расталмаған пневмония 56 адамнан анықталған. Бір күнде пневмонияның осы түріне шалдыққан 6 адамның өлімі тіркелген. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Министрлік сондай-ақ вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған Covid науқастары арасында 7 адамның қайтыс болғанын хабарлады.

Қазақстан 1 тамыздан бастап коронавирус жұқтырған науқастардың есебін екі санат бойынша жүргізіп келеді. Аурулардың халықаралық жіктемесіне сай, коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастарға U07.1 коды, ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония науқастарына U07.2 коды тағайындалып отыр.

Үкімет коронавирус жұқтырған алғаш науқас тіркелген 13 наурыздан бастап тек ПТР тестімен расталған науқастардың ғана есебін жүргізіп келді. Жаз айларында шығу тегі белгісіз пневмония қатты өршіп, жүздеген мың адам осы ауруға шалдықты. Жергілікті мамандардың дабыл қағуымен, халықаралық қауымдастықтың Қазақстанға назар аударуымен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен ел билігі 1 тамыздан белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония ауруының есебін жүргізе бастады.

U07.1 коды бойынша 105 795 науқас анықталып, 1588 адам қайтыс болса (13 наурыз бен 30 тамыз аралығында), U07.2 коды бойынша 25 714 науқас тіркеліп, 290 адам қайтыс болған (1-30 тамыз аралығында).

Қазақстанның ресми дерегіне күдік келтіретіндер көп. Мәселен, министрліктің өзі коронавирус жұқтырған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адамның барын мойындаған. Сонымен қатар 1 тамызға дейін тіркелген пневмония науқастарының арасында нешеуі Covid науқасы екені белгісіз, олар ешқандай статистикада көрсетілмеген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жылдың алғашқы жеті айында 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Бұл – өткен жылдың жеті айындағы науқастар санынан 3,3 есе жоғары көрсеткіш. Мұның нешеуі коронавирусқа ұқсайтын вирус пневмониясы екені айтылмады.

Алайда, министрлік 1-8 шілде аралығында 56,8 мың пневмония науқас тіркелгенін, оның 39,7 мыңында коронавирустың белгілері болғанын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG