Accessibility links

Лукашенконың қарсыласы Тихановская БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мәлімдеме жасамақ


Светлана Тихановская президент сайлау алдындағы науқандардың бірінде. Бобруйск, 25 шілде 2020 жыл.
Светлана Тихановская президент сайлау алдындағы науқандардың бірінде. Бобруйск, 25 шілде 2020 жыл.

Беларусьтегі президент сайлауында Александр Лукашенконың негізгі қарсыласы болған Светлана Тихановская осы аптада елде бірнеше апта бойы сайлау нәтижесіне қарсы наразылық акциялары өтіп жатқан тұста БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мәлімдеме жасамақ.

Тихановская командасының айтуынша, мәлімдеме 4 қыркүйек күні жасалады. Мұндай мүмкіндікті Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі Эстония ұсынып отыр. Одан кейін төрт күн өткен соң Тихановская Еуропа кеңесінің парламент ассамблеясында (PACE) да мәлімдеме жасамайды. Бұл туралы саясаткердің баспасөз хатшысы хабарлады.

Тихановская 9 тамыздағы Беларусь президенті сайлауына түскен. Билік қазіргі президент Александр Лукашенко 80 пайызбен жеңіске жетті деп мәлімдеген соң, жұрт жергілікті сайлау нәтижесі бұрмаланған деп жаппай көшеге шықты. Тихановскаяның жақтастары сайлауда өз кандидатының жеңіске жеткеніне сенімді.

Беларусь орталық сайлау комиссиясы сайлау нәтижесі бойынша елді 1994 жылдан бері басқарып келе жатқан Лукашенко жеңіске жетті деп мәлімдеген соң, Тихановская Литваға кетіп қалды.

31 тамыз күні Литваның президенті Гитанас Науседа Балтық жағалауындағы көршілері Латвия мен Эстонияға қосылып отызға жуық Беларусь шенеунігіне санкция салатынын мәлімдеді. Олардың қатарында Беларусь президенті Лукашенко да бар. Ол мұны Беларусьтегі бейбіт шерушілерді қатыгездікпен жаншуға жауап ретінде түсіндірді.

Беларусь жұрты Лукашенконың жеңісімен келіспейді. Наразылар мен арнайы жасақ қақтығысты

Беларусь жұрты Лукашенконың жеңісімен келіспейді. Наразылар мен арнайы жасақ қақтығысты
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:00 0:00

Жексенбі, 30 тамыз күні Александр Лукашенко 66 жасқа толды. Осы күні Минскіде ондаған мың адам наразылықтың 22­-күнінде тағы да шерулетті. Олар президент резиденциясының алдына барып, "Туған күніңмен, егеуқұйрық!" және "Кет" деп айқайлады. Шерушілердің көбі Лукашенкоға қарсы плакат ұстап шықты, кейбіреулері қара табытты көтеріп жүрді. Өткен аптада Лукашенко шерушілерді "егеуқұйрық" деп атаған болатын.

"Белапан" ақпарат агенттігі наразылыққа жүз мыңнан астам адам жиналды деді.

Беларусь ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ОМОН (полицияның арнайы жасағы) қала орталығындағы бірнеше көшені бұғаттап, Тәуелсіздік алаңы маңынан 140 шерушіні ұстап әкеткен.

Беларусьтің наразылық өткен өзге қалаларында да полиция шерушілерді ұстап әкеткен. Олардың қатарында Гомель, Гродно және Могилев қалалары бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG