Accessibility links

Тоқаев "ауыл әкімдерін сайлауға болады, тек мәселеге мұқият қарау керек" дейді


Ауыл әкімдігі.
Ауыл әкімдігі.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сейсенбі күнгі "халыққа жолдауында" ауыл әкімдерін сайлау туралы айтты. Қазір аудан, ауылдық округ, ауыл әкімдерін жергілікті органдар таңдайды. Ал өзін ұсыну заңда қарастырылмаған. Кандидаттарды президент тағайындайтын облыс әкімдері ұсынады.

"Сауалнама қоғам ауыл әкімдерін сайлауды қолдайтынын көрсетті. Бұл мұқият әрі жүйелі түрде қарастыруды талап ететін маңызды қадам. Бұл жүйенің қалай істейтінін нақты түсінуіміз керек. Дегенмен бұл мәселені кейінге шегеруге де болмайды. Бірқатар ауыл әкімдерінің өкілет мерзімі келесі жылы аяқталады. Менің ойымша, әкімдер сайлауын өткізу керек" деді Тоқаев.

Қазақстанда оппозициялық топтар 2000 жылдың басынан бері барлық әкімдерді сайлау керек деген ұсыныс айтып келеді, бірақ билік әкімдерді тікелей сайлау мәселесін қарастыруға ықылас танытпаған.

1 қыркүйек күнгі халыққа жолдауында Тоқаев елге саяси реформа және көппартиялы жүйе қажет деп былтырғы мәлімдемесін қайталады.

Елді 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр отставкаға кеткеннен кейін президент болған Тоқаев бір жыл бұрын қыркүйек айындағы алғашқы жолдауында "жүйелі түрде саяси реформа жасауға" уәде берген еді. Елде билікке қарсы наразылық өршіген тұста ол көппартиялық жүйе, саяси бәсекені дамытуға көңіл бөлетінін айтқан. Ол сонымен бірге митингілер туралы заңнаманы қайта қарау қажеттігін алға тартқан.

Содан бері өткен 12 айда елде саяси партиялар мен сайлау туралы заң қабылданғанмен сыншылар болмашы ғана өзгерістер болғанын, заңнаманың адам құқықтарын шектейтін сипаты сақталып қалғанын айтқан. Жаңа өзгерістерге сәйкес, елде партияны тіркеу үшін қажетті мүшелер саны 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайтылды, партиялар сайлау тізімінде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота беруге міндеттелді.

Билік қабылдаған" Бейбіт жиын туралы" жаңа заң атқару органын ескертіп қана шара өткізуге мүмкіндік береді деп айтқанмен іс жүзінде олай болмай шықты. Жергілікті және халықаралық сарапшылар жаңа заңда ескі шектеулер сақталып қалғанын, рұқсат етілмеген митинг өткізетіндерге жаза күшейгенін айтып сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG