Accessibility links

БҰҰ-да Беларусьте ұсталғандардың азапталғанын дәлелдейтін жүздеген айғақ бар


Арнайы жасақтың наразыларды күш қолданып, ұстау сәті. Минск, 30 тамыз 2020 жыл.
Арнайы жасақтың наразыларды күш қолданып, ұстау сәті. Минск, 30 тамыз 2020 жыл.

БҰҰ сарапшыларының қолында Беларусьтегі президент сайлауынан кейін ұсталғандардың азаптауға ұшырағанын дәлелдейтін 450 айғақ бар. Бұл туралы мәлімет 1 қыркүйекте БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының сайтында жарияланды.

БҰҰ сарапшылары әйелдер мен балаларға күш қолдану, жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырау фактілері барын да айтады.

Ондағы мәліметке сәйкес, Беларусьте алты адам із-түзсіз жоғалған, туыстары әлі күнге дейін оларды таба алмай отыр.

БҰҰ билікті азаптауды тоқтатып, бейбіт халыққа күш қолданған милиция қызметкерлерін жауапкершілікке тартуға шақырып отыр. Куәгерлердің айтуынша, қамау орындарында милиция қызметкерлері демонстранттарды ұрып-соғып, намысқа тиетін сөздер айтып, қорлаған.

Беларусьте президент сайлауының ресми қорытындысына жаппай наразылық кезінде күштік құрылым өкілдері демонстранттарға күш қолданып, су шашып, құлақ тұндыратын граната, резеңке оқ және өзге де арнайы құрал қолданған.

9-11 тамыз аралығында шамамен 7 мың адам ұсталған. Жүздеген адам зардап шеккен. Наразылық шарасы кезінде бірнеше адам қаза болған. Ұсталғандардың көбі тергеу изоляторында азаптауға ұшырап, жәбірленгенін айтты.

Құқық қорғау орган қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды ма, жоқ па, белгісіз деп жазады "Интерфакс".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG