Accessibility links

11 жылға сотталған Қырғызстанның экс-президенті Атамбаев мәлімдеме жасады


Қырғызстаннығ бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев.
Қырғызстаннығ бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев қылмыстық топ жетекшісі "Азиз Батукаевты заңсыз босату ісі" бойынша шығарылған үкім туралы мәлімдеме жасады. Оның мәлімдемесін адвокаты Замир Жоошев таратты.

Онда Атамбаев Қырғызстанға Жаныш Бакиевті (бұрынғы президент Бакиевтің туған інісі, мемлекеттік күзет қызметінің бұрынғы басшысы) қайтарғысы келгендіктен Батукаевты босатуға келісім бергенін, ал қылмыстық істе "жемқорлық әрекеттер" туралы бірде-бір дәлел жоғын алға тартқан.

"Іс жүзінде мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің қандықол қылмыскерді елге жеткізу бойынша операциясын қолдағаным үшін 11 жылға сотталдым...Осы үкім арқылы Сооронбай Жээнбеков режимі іс жүзінде Жаныш Бакиев пен оның жандайшаптарына тиіспеушілік мәртебесін беріп отыр" деді Атамбаев.

"Азиз Батукаевты заңсыз босату" ісінде 19 айыпталушы бар. 14 адам тергеу органдарымен келісімге келгендіктен олардың ісі жеке өндіріске шығарылған.

23 маусымда Первомай аудандық соты экс-президент Алмазбек Атамбаевты 11 жыл 2 айға бас бостандығынан айырып, мүліктерін кәмпескелеген. Бұдан бөлек, оны мемлекеттік атақтары мен марапаттарынан айырған. Кейінірек Бішкек аудандық соты шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Ұлты шешен, Қырғызстан тумасы Азиз Батукаев 2006 жылы 16,8 жылға сотталған. Ол "адам өлтіруге қатысты; заңсыз жолмен қару дайындап, сатты; жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталған. Ол 2021 жылы түрмеден шығуы тиіс еді.

Батукаев 2013 жылы Нарындағы түрмеден "денсаулығына байланысты" мерзімінен бұрын босатылған. Дәрігерлердің берген анықтамасында оның "ауыр сырқатқа ұшырағаны" жазылған. Сол кезде ол Бішкектің халықаралық әуежайына жеткізіліп, Грозныйға ұшып кеткен. Кейін Қырғызстанның құзырлы органдары "Батукаев денсаулығына қатысты анықтаманы өтірік жасатып алды, оны босатуға биліктегілер ат салысты" деп мәлімдеген. 2019 жылы Қырғызстан ІІМ Батукаев ісін қайта тергеген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG