Accessibility links

Министрлік: Ресейлік вакцинаны тәуекел топтарға егуге болмайды


Ресейдің Гамалея атындағы ұлттық эпидемиология және микробиология орталығының қызметкері зертханада жұмыс істеп жатыр.
Ресейдің Гамалея атындағы ұлттық эпидемиология және микробиология орталығының қызметкері зертханада жұмыс істеп жатыр.

Ресейлік коронавирус вакцинасын тәуекел топтарға егуге болмайды. Бұл туралы 3 қыркүйекте денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді.

"Ресейлік "Спутник V" вакцинасы аденовирустық екі сератип негізінде жасалған тірі вирус-вакцина түріндегі препарат" деді Ресей және Қазақстан вакцинасының айырмашылығы туралы айтқан Шоранов.

Оның айтуынша, "Спутник V" вакцинасын аяғы ауыр әйелдерге, бала емізіп жүрген әйелдерге, созылмалы ауруы бар адамдарға және 18 жасқа дейін және 60 жастан асқан азаматтарға егуге болмайды.

Тамыз айының соңында Қазақстанның "Спутник V" вакцинасының 2 млн дозасын сатып алу туралы Ресеймен келіскені жайлы ақпарат шыққан еді. Келісімге сәйкес, бастапқыда елге екі миллион "Спутник V" екпесін елге жеткізу қарастырылған. Кейінірек денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның нақты көлемі мен құны жазбаша түрде келісілген жоқ деп мәлімдеген.

3 қыркүйек күнгі үкімет отырысында ведомство өкілдері дегенмен Ресеймен келісім мәселесіне тоқталмады.

Қазір әлемде 100-ден астам коронавирусқа қарсы вакцина жасалып жатыр. Covid-ке қарсы екпені алғаш тіркеген елдердің бірі Ресей қазан айында жаппай егу бағдарламасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ал батыс ғалымдары вакцина сынақтың барлық кезеңінен өтпегендіктен оны қауіпсіз және тиімді деп атау әлі ерте деп санайды. Тамыз айында британдық вирусолог мамандардың пікіріне сүйенген Reuters агенттігі препарат вирустың мутациялануына жол ашуы мүмкін деген. Ал ондай жағдайда вакцина тиімсіз болып шығады. Ресей мұны жоққа шығарған.

Қазақстан да коронавирус вакцинасын жасап жатыр. 19 тамызда Дәрілер мен медициналық сараптау ұлттық орталығы "коронавирусқа қарсы қазақстандық QazCovid-in®️ вакцинасының клиникаға дейінгі зерттеуі" аяқталғанын мәлімдеген. Соңғы ақпарат бойынша, Қазақстан вакцинаны клиникалық сынақтың бірінші және екінші кезеңінен өткізу үшін ерікті іздеп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG