Accessibility links

Оралда "тыйым салынған ұйымға қатысы бар" деп күдікке ілінген белсенді үстінен іс қозғалды


Белсенді Орынбай Оқасов (оң жақта). Шілде айы 2020. Жеке мұрағаттан алынған сурет.
Белсенді Орынбай Оқасов (оң жақта). Шілде айы 2020. Жеке мұрағаттан алынған сурет.

Оралда әлеуметтік желіде пост жарияланғаннан кейін белсенді Орынбай Оқасовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Аккаунтының бұзылғанын айтқан белсенді полиция "арандатып отыр" деп санайды.

Оқасов 3 қыркүйекте Абай аудандық полиция бөлімшесіне барған кезде қылмыстық іс жайлы кездейсоқ біліп қалған. Белсендіге полициядағылар қылмыстық іске Facebook жазбасы түрткі болды деген.

— Facebook-та 2 тамызда жарияланған жазбаң үшін іс қозғады деді, ол кезде менің аккаунтым бұзылған еді. "Төңкеріс жасауға шақырды" дейді, — деді Оқасов Азаттыққа.

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті белсендінің үстінен "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" бабы (Қылмыстық кодекстің 405-бап, 2-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

— Ол Facebook-та билікке қарсы митингілерге шақырып, пост жариялаған, — деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған пост белсендінің Facebook парақшасында 2 тамызда пайда болған. Онда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (Ақорда сыншысы, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған, елде "экстремистік ұйым" деп танылған қозғалысты Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған) туралы айтылып, "көшеге шығуға" үндеген сөйлемдер де бар.

Аккаунтының бұзылғанын белсенді бір ай бұрын Азаттыққа айтқан еді. Ол кезде Оқасов тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған азаматтық белсенді Дулат Ағаділді еске алу шарасына қатысу үшін жолға жиналып жүрген.

"Мені вокзалда ұстап алып, пойызға кіргізбеді. Facebook аккаунтымды бұзып, менің атымнан билікті құлатуға шақырған пост жазған" деген еді Оқасов сол кезде.

Орынбай Оқасов сот пен құқық қорғау жүйесін реформалау, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылық шараларына қатысқан. 8 тамызда Ағаділ асына қатысқаны үшін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, бір күнге қамалған.

Ақмола облысы Талапкер ауылында 24 шілде мен 8 тамызда өткен Ағаділді еске алу шарасынан кейін аймақтарда ондаған белсенді әкімшілік жазаға тартыған еді.

Қазір "тыйым салынған ұйымның ісіне қатысы бар" деген күдікке ілінген үш белсенді: Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов, Қайрат Қылышев тергеу изоляторында отыр. Тергеу органдары олар "Көше партиясының" ісіне араласқан болуы мүмкін дейді. Есіл аудандық соты мамыр айында "Көше партиясын" "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Жақтастары бұл айыптауларды жоққа шығарып, істің саяси астары барын айтады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG