Қытай бірнеше рет ұшыруға болатын ғарыш кемесінің екі күн орбитада болып, Жерге аман-есен оралғанын хабарлады.
Xinhua мемлекеттік ақпарат агенттігінің жазуынша, ғарыш кемесі 6 қыркүйекте елдің солтүстік-батысындағы шөл далада орналасқан Цзюцюань ұшыру орталығына қонған.
Агенттіктің ақпаратына қарағанда ғарыш кемесін 4 қыркүйекте "Чанчжэн-2F" зымыран тасығышы орбитаға шығарған. Дегенмен мемлекеттік БАҚ ұшыру сәтінен ешқандай фото-видео жарияламады. Егжей-тегжейлі ақпарат та шықпады.
Ғарыш саласында озуға ұмтылып жатқан Пекин үшін көпке шыдайтын ғарыш кемесін шығару - маңызды мәселе.
2003 жылы Қытай алғаш рет ғарышқа астронавтын ұшырды, кейінірек орбита станциясын іске қосты. Былтыр Айдың арғы жағына кемесін қондырған алғашқы мемлекет атанды. Шілде айында орбита аппаратын Марсқа жіберді.
Space News сайтының жазуынша, Қытай АҚШ әскери-әуе күштері құрастырған X-37B ғарыш кемесі сияқты ұзаққа шыдайтын ғарыш аппаратын шығарғысы келеді. Әлемде бірнеше рет ұшыруға болатын зымыранды америкалық SpaceX компаниясы бірінші болып қолданысқа енгізген.
ПІКІРЛЕР