Accessibility links

Коронавирус жұққан науқастарды тегін емдеп, жазаланған клиника жетекшісі: Айыппұл төлесек, медицина қызметкерлері жалақысыз қалуы мүмкін


Коронавирус жұққандарды емдейтін аурухана қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұққандарды емдейтін аурухана қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Індет өршіп, ауруханада орын жетпей жатқан кезде коронавирус жұққандарды тегін емдеп, сол үшін жазаланған алматылық "Талант-К" жеке медициналық орталығы "егер айыппұл төлесек, клиника қызметкерлері жалақысыз қалуы мүмкін" дейді. Бұған дейін "Талант-К" медициналық орталығына "санитарлық талаптарды орындамағаны үшін" 1 миллион теңге көлемінде (бірінде - шамамен 300 мың теңге, екіншісінде - 600 мың теңге көлемінде) айыппұл салынған еді.

- Клиниканың жалақы қоры бар. Егер санэпидстанция қаулысын орындап, айыппұл төлесек, клиниканың медициналық қызметкерлері жалақысыз қалуы мүмкін. Біз СЭС шешімімен келіспейміз. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы шығарған барлық санитарлық нормаларды орындадық. СЭС бізге нақты қалай дұрыс жұмыс істеу керектігін де айтпады. Пандемия нағыз өршіген шақта халыққа көмектескіміз келген еді. Бірақ бұған мүмкіндік берген жоқ, - дейді клиника жетекшісі Талант Омаров Азаттық тілшісіне.

Клиника өкілдері бұған дейін жергілікті прокуратураға СЭС тексеруін заңсыз деп тану туралы өтініш түсірген, алайда прокуратура "бұл біздің құзырымызға жатпайды, денсаулық сақтау министрлігіне шағымданыңыздар" деп жауап қайтарған. Олар "СЭС қаулысын сотқа беріп, уақытымызды жоғалтымыз келмейді" дейді.

Клиника өкілдерінің айтуынша, пандемия нағыз өршіген шақта шілде айында клиникаға тек коронавирус белгілері бар науқастар келе бастаған. Олар ауруханада орын жоғын айтып, көмектесулерін сұраған. "Шама-шарқынша көмектесіп, дәрі-дәрмек тараттық" дейді дәрігерлер.

- Шілде айында екі аптадай науқастарды емдедік. Одан соң СЭС мамандары келе бастады. Наурыз айында біз Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментінен пандемия кезінде науқастарды емдеу туралы рұқсат сұрағанбыз. Олар рұқсат берген. Біз науқастарды амбулаторлық жағдайда емдедік. Енді олар бізді жағдайы ауыр науқастарды емдеді деп соған келтіріп отыр, - дейді Талант Омаров.

Қарай отырыңыз: Алматыда жұртты тегін емдейтін стационар ашылды (29 шілде 2020 жыл).

Алматыда жұртты тегін емдейтін стационар ашылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Азаттық тілшісі 7 қыркүйекте Алатау ауданының тауар және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне хабарласқанмен жауап ала алмады.

Бұған дейін Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин клиниканың "жалпы лицензиясы болғанмен қосымша рұқсат қағазы болмағанын, тазалық нормаларын сақтамағанын" айтқан еді.

"Аталған медицина орталығында "таза" және "лас аймақ" жоқ, яғни, қызметкерлерді қорғауға жағдай жасалмаған...Санитарлық өткізу пунктері жоқ" деген еді Бекшин тамыз айында.

Ал СЭС шешімімен келіспей отырған "Талант-К" медициналық орталығы мемлекет қысылтаяң шақта халыққа көмектескісі келетін жеке медициналық ұйымдардың жұмыс істеуіне жағдай жасамай отыр деп есептейді.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты енгізілген қатаң карантин шаралары жұмсарғаннан кейін маусым және шілде айларында науқастар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей, дәрі-дәрмек тапшы болған еді. Бұған қоса, белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмония да қатты өршіді. Тамызда коронавирус жұққан науқастар саны 100 мыңға таяды. Сол уақытта әлеуметтік желіде орын жетпегендіктен ауруханалардың науқастарды қабылдамай жатқаны, кейбір жерлерде науқастардың кіреберістегі сәкіде жатқаны туралы видеолар тараған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG