Accessibility links

Өткен тәулікте 73 адамнан коронавирус табылды, Нұр-Сұлтанда науқастар қайта көбейді


Медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.

8 қыркүйекте Қазақстанда 73 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Бір күнде 149 адам жазылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Сейсенбі күні Нұр-Сұлтанда – 19, Шығыс Қазақстан облысында 16 адамнан вирус табылған. Қалған облыстар мен қалалардағы көрсеткіш оннан аспайды. Маңғыстау, Қызылорда облыстарында жаңа науқас тіркелмеген.

Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар 106 498 адамға жетті. 90 пайыздан астамы жазылған. Наурыз айынан бері 1634 адам covid-тен қайтыс болды деп айтылады. Министрліктің мәліметінше, соңғы бір аптада (31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында) 46 адам коронавирустан қайтыс болған.

Дегенмен бұл статистикаға белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар енгізілмеген. Халықаралық сарапшылар пневмонияның осы түріне шалдыққандарды да коронавирусқа шалдыққандар есебіне қосып, есептеуге кеңес берсе де, Қазақстан билігі екі көрсеткішті бөлек жариялап келеді. Солай жасаған ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда 134 203 адам коронавирусқа шалдыққан. 1948 адам қайтыс болған.

Бұған қоса, коронавирус жұққаны расталған қайтыс болған жүздеген адам өлімі де статистикаға енгізілмеген. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі олардың өліміне коронавирус емес, "ілеспе ауру себеп болды" дейді.

Өткен аптада халыққа жолдауы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан билігі "ешнәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жариялады, қаншалықты ащы болса да, шындықты айтты" деп мәлімдеді.

Алайда елде Қазақстанның ресми орындары берген коронавирус статистикасына күмән келтіретіндер көп.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG