Accessibility links

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына мердігер мекеме жұмысшылары "нәпақасыз қалдық" деп шағымданады


"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы кеңсесі. Ақтау қаласы. Көрнекі сурет.
"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы кеңсесі. Ақтау қаласы. Көрнекі сурет.

8 қыркүйекте жұмыссыз қалғандарына шағымданып Маңғыстау облыстық әкімдігіне барған «М-Техсервис» жұмысшылары жергілікті билік мәселені шешуге уәде берген соң тараған.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда сейсенбі күні таңертең облыс әкімінің орынбасары Әлихан Қыраубаевпен кездесу өтіп, шенеунік «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясынан жұмыс көлемін алып беруге уәде берген. Жұмысшылар енді сол уәденің орындалуын күтіп отырғанын жеткізді.

Бір күн бұрын жұмысшылар «М-Техсервис» мекемесі кеңсесінің алдына жиналып, жұмыс мәселесін шешуді талап еткен болатын. Наразы жұмысшылардың айтуынша, биылғы маусымда «М-Техсервис» «Маңғыстаумұнайгаздың» ұңғымаларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша тендер ұтып алғанмен шілде айынан бастап 175 адам жұмыссыз қалған.

«М-Техсервис» жұмысшыларының бірі Берікжан Әбішбаевтың айтуынша, былтыр жыл соңында бригадалар қосымша 12 ұңғыманы жөндеу туралы тапсырыс алып, соны көктем бойы жөндеп келген.

– Мамырда бізді уақытша ақысыз демалысқа жіберді. Пандемия кезінде берілген 42 500 теңгені сұрап едік, «сендерде жұмыс бар» деп бермеді. Оны талап етеміз дер жүргенде тамыз болды. Талаптың арқасында өткен айда 21 500 теңге алдық, оны компания «сыйақы» ретінде рәсімдеп берген. Біз қаңтар-мамыр айларындағы себепсіз жұмыссыз қалған уақытқа өтемақы сұраймыз, қыстан бері жұмыссыз қалған жігіттер бар, - дейді Берікжан Әбішбаев.

Жұмысшылардың айтуынша, еңбек департаменті ұжымдық арыздарын қарап, келісім комиссиясын құруды ұсынған.

Азаттық тілшісі Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз хатшысы Самат Сүлейге хабарласқан еді. Ол бұл жайттан хабарсыз екенін, бірақ анықтап, ақпарат беретінін айтқанымен қайта тұтқаны көтермеді.

«М-Техсервис» компаниясының кадр бөлімінің бастығы Аян Жамановтың жергілікті «Лада» басылымына айтуынша, олардың жұмыстарының уақытша екендігі келісім-шартта баяндалған.

- Компания белгілі жұмыс көлемін алады және қызметкерлерді соған сай жұмысқа қабылдайды. Жұмыс болмаған кезде келісім-шарт аяқталып, қызметкерлер жұмыстан босатылады. 2016 жылдан бері барлық жұмыс уақытша атқарылып келеді. Жұмысшылар «бізді қысқартты» дейді, бірақ бұл қысқарту емес. Жұмыс көлемі жоқ. Қазір бізде тек Бозащы кеніші ғана жұмыс істеп тұр, Жетібай тоқтаған, - дейді ол.

«М-Техсервис» компаниясындағы жұмыс көлеміне байланысты мәселе алғаш туындап отырған жоқ. Биыл қаңтарда да «М-Техсервис» мекемесінің екі жүзден астам жұмысшысы мекеме ғимаратының алдына жиналып тиісті жалақыларын талап еткен еді.

«М-Техсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі - 2003 жылы Ақтөбе қаласында тіркелген қытайлық мекеме. Ол «Маңғыстаумұнайгаз» игеріп жатқан Маңғыстау облысындағы Бозащы және Жетібай кенішіндегі мұнай ұңғымаларын жөндеу бойынша қызмет көрсетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG