Accessibility links

Хорезм облысының әкімі кейбір аудан тұрғындарының жартысына коронавирус жұққанын растады


Өзбекстандағы той өтетін залдардың бірі.
Өзбекстандағы той өтетін залдардың бірі.

Өзбекстанда Хорезм облысының әкімі Фарход Эрманов 7 қыркүйек күнгі жиналыс кезінде ПТР-тестен өткен Багат ауданы тұрғындарының жартысынан астамына коронавирус жұққаны анықталды деді. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

"Талдау нәтижесіне келсек, [Багат ауданындағы] әрбір ауыл тұрғындарының 50-60 пайызына коронавирус жұққан. Әуелі бұл адамдарға бір-бірінен вирус жұққан, кейінірек инфекция көрші аудандарға таралған. Неге шенеуніктердің ешқайсысы жағдайды бақыламай отыр, ішкі істер органдары қайда қарап отыр?" деді ол.

Хорезм облысында коронавирус ахуалының нашарлауына әкім той-томалақ өткізіп жүргендерді кінәлап, той иелерін "террорист" деп атаған.

"Мұндай адамдар террористерден де өтіп кеткен! Егер террорист жарылыс жасаса, 3-4 адам қаза болады. Ал той иелері шараға жүз адамды шақырып, қауіпті вирусты таратады. Ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлар үнсіз. Бұл террористік жүйені қолдаумен пара-пар" деп әкім шүйліккен

Ауыл әкімдерінің бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне Эрмановтың сөзімен келіспейтінін айтқан.

"Әкім 30 адам қатысқан той иелерін террорист деп атайды. Ал өзі күн сайын аудан әкімдіктерінің мәдениет залында 200 адамды жинап алып, жиналыс өткізеді. Олай болса, әкімнің өзін қалай атаймыз? Ол тек ауыл әкімдеріне қоқан-лоқы жасауды ғана біледі" деді ол.

Өзбекстанда 15 тамыздан бастап карантин шаралары жеңілдей бастаған. Қазір той өткізуге болады, бірақ оған 30-дан артық адам қатыспауы тиіс және тек санитарлық-гигиена талаптарын сақтай отырып үйде өткізуге ғана рұқсат.

Хорезм облысының мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталығының маманы билік эпидемиологиялық жағдай нашар аудандарда той өткізуге тыйым салу керек деп есептейді. Оның сөзіне қарағанда ауыл әкімдері халыққа "той жасама" деп тыйым сала алмайды, себебі үкіметтің өзі оған рұқсат берген.

Орталық Азияда халық саны жағынан бірінші орында тұрған Өзбекстанда ресми мәлімет бойынша, 44 281 адам covid-ке шалдыққан. Дегенмен кейбір сарапшылар коронавирус статистикасының дәлдігіне күмән келтіреді. Бұған дейін коронавируспен күрес жөніндегі штат өкілі, профессор Хабибулла Акилов коронавирустан ресми статистикада көрсетілгеннен әлдеқайда көп адам өлді деп мойындаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG