Accessibility links

Партия құруға талпынғандар Қазақстан атауын "Қазақ елі" деп өзгертуді ұсынды


"Желтоқсан-86" қозғалысының жиыны. Алматы, 11 қыркүйек, 2020.
"Желтоқсан-86" қозғалысының жиыны. Алматы, 11 қыркүйек, 2020.

"Желтоқсан-86" ұйымының белсенділері "Алаш-Желтоқсан" атты партия құрғалы жатқанын хабарлады.

11 қыркүйекте Алматыда өткен жиында бастамашыл топ Қазақстанның әділет министрлігінен партияның құрылтай съезін өткізуге рұқсат алғанын айтты.

Азаттық осы жөнінде әділет министрлігіне хабарласқан, бірақ мекеме сауалға әзірге жауап берген жоқ.

"Желтоқсан-86" ұйымының белсенділері "ешкімді қарсылас көрмейміз, өзімізді оппозициялық партия санамаймыз" дейді. Бастамашыл топ жетекшісі Гүлбаһрам Жүніс "ұлттық мәселелерді көтергенде ұйымнан гөрі саяси топтың ықпалы көбірек болатындықтан партия құруға бел будық" дейді.

– Бүгінде елде проблема өте көп. Сондықтан ұлттық проблемаларды көтеретін "Алаш-Желтоқсан" партиясы – біз боламыз деп ойлаймын. Біз [әлдекімді қарсылас тұтатындай] идея ұстануды қаламаймыз. Желтоқсаншылардың "елім, жерім, қазағым, ұрпағым, тілім" деген өз идеясы бар. Құрылып жатқан партиялар мен қозғалыстардың көп болғанын қалаймыз, – дейді Жүніс.

Былтыр Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңдарға өзгеріс енгізіліп, партияны тіркеу үшін қажетті мүше саны 40 мыңнан 20 мыңға азайтылған.

"Алаш-Желтоқсан" партиясын құру бойынша бастамашыл топ заңгері Айболат Жұмабайдың сөзінше, ұйымның барлық қалада филиалы мен жақтастары бар. Ол бастамашыл топтың 20 мыңнан да көп адамның қолдауына ие болатынына сенеді.

– Президентіміз "көппартиялы жүйені қолдаймын" деді. Осының өзі бізге көп мүмкіндік беріп отыр. Біз оппозициялық партия емеспіз, ең басты мақсатымыз – егемендігімізді нығайту, халықтың мүддесін қорғау, – дейді Жұмабай.

Құрылғалы жатқан партия бағдарламасында "Қазақстанда гуманистік, құқықтық, әділет негізіндегі демократиялық тәуелсіз мемлекет орнатып, оны нығайту", "халықтың өзін-өзі билеу саясатын дамыту" сияқты ұсыныстар жазылған.

Құрылтай жиыны кезінде кейбір желтоқсаншылар "Қазақстан" атауын "Қазақ елі" деп өзгерту сияқты ұсыныстар да айтты. Бастамашыл топ екі ай көлемінде өтуі тиіс съезге қол жинауға кірісіп кеткенін хабарлады.

Елді 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр отставкаға кеткеннен кейін президент болған

Тоқаев өткен қыркүйек айындағы алғашқы жолдауында "жүйелі түрде саяси реформа жасауға" уәде берген.

Елде билікке қарсы наразылық өршіген тұста ол көппартиялық жүйені, саяси бәсекені дамытуға көңіл бөлетінін айтқан.

Содан бері өткен 12 айда саяси партиялар туралы конституциялық заңға және сайлау туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Сыншылар "болмашы ғана өзгеріс болғанын", "заңнаманың адам құқықтарын шектейтін сипаты сақталып қалғанын" айтқан.

Заң бойынша, келер жылы Қазақстанда парламент сайлауы өтеді. Қазір елде ресми тіркелген алты партия бар.

Парламентте үш партия жұмыс істейді. Мәжілістегі мандаттың көбі – 84 орын бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясына тиесілі. 2016 жылғы парламент сайлауында төрағасы экс-президенттің саясатын қолдайтынын ашық білдіретін "Ақ жол" мен "Коммунистік халықтық партиясы" мәжілістегі 14 орынды тең бөліскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG