Accessibility links

Der Spiegel: Германия барлауы басшысы Навальныйға қандай у берілгенін айтты


Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный.
Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный.

Германия барлау мекемесінің басшысы Бруно Каль ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйға "Новичок" әскери уының "қатты әсері бар", жаңа түрі берілгені туралы хабарды растады. Бұл туралы жұма күні немістің Der Spiegel журналы жазды. Каль әлгі у туралы құпия кеңесте айтқан деп жазады журнал. Ресми органдар бұл хабарды растаған да, терістеген де жоқ.

Осыған дейін Германияның Die Zeit басылымы өз дерек көзіне сілтеме жасап, Навальныйға әскери удың "Новичоктан" да қауіпті жаңа түрі берілген деп хабарлаған. Газеттің жазуынша, Навальный өзі мінген ұшақты шұғыл қондырған ұшқыштың жедел қабылдаған шешімі мен Омбыда оппозиционерге бірден атропин дәрісін еккен жедел жәрдем дәрігерлерінің әрекеті арқасында аман қалған.

"Новичоктың" "жаңарған" түрін қолдану – Германияның Навальныйға жасалған қастандыққа Ресей арнайы қызметтері жауапты деп айтуына негізгі дәлел болып отыр деп жазады Der Spiegel. Өйткені өте сирек әрі қазіргі заманғы мұндай удың мемлекеттің қатысуынсыз дайындалуы өте күмәнді.

Бұған қоса неміс журналы өткен демалыста Навальный жатқан Берлиндегі "Шарите" ауруханасына барған Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйым өкілдеріне Навальныйдан алынған сынама үлгісі берілгенін жазады. Одан бұрын Германия билігі Навальныйдан алынған анализден анықталған заттың ізі оның "Новичок" уына ұқсас екеніне "еш күмән жоқ" деп хабарлаған.

2018 жылы Ұлыбританияның Солсбери қаласында Ресей әскери барлауының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияға "Новичок" уын қолданып қастандық жасалған. Екеуі ауруханада ұзақ емделіп, аман қалған. Бірақ сол кезде кездейсоқ уланған британ азаматы қайтыс болған.

Германия мен батыстың өзге елдері Ресейден Навальныйға жасалған қастандықтықты тергеуді талап етіп отыр. Ресми Мәскеу Навальныйдың естен танып қалуына басқа бір себеп болған деген Омбы ауруханасы дәрігерлерінің сөзіне сілтеп, оппозиционерді әлдекімдердің улағанын жоққа шығарады. Бұған қоса Ресей Германия билігінен Навальныйдың анализ талдауы жайлы ақпарат беруін сұрап отыр. Ресей ішкі істер министрлігі Навальныймен сапарда бірге болған адамдардан жауап алып, тергеуге дейінгі тексеру бастаған.

20 тамызда Томскіден Мәскеуге бара жатқан ұшақта естен танып қалған Навальный Омбы ауруханасына түскен. 22 тамызда оны Германияға арнайы ұшақпен жеткізді. 19 күн ес-түссіз жатқан оппозиционер Берлин ауруханасында есін жиған. БАҚ оның жағдайы жақсарды деп хабарлады, бірақ Навальныйдың маңайындағылар олай айтуға әлі ерте дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG