Accessibility links

Шымкентте тұрғындар алаңға келді, кейбірін полиция митинг орнына жеткізбей ұстады


"Демпартия" митингісіне келгендер. Шымкент, 13 қыркүйек 2020 жыл.
"Демпартия" митингісіне келгендер. Шымкент, 13 қыркүйек 2020 жыл.

13 қыркүйекте Шымкентте оннан астам адам Наурыз алаңына жиналып, саяси тұтқындарды босатуды, белсенділерді қудаламауды және жерді шетелдіктерге сатпауды талап етті. Жексенбі күні таңертең митинг басталмай тұрып екі белсендінің ұсталғаны хабарланды.

Демалыс күні Наурыз алаңына жиналған кейбір белсенділердің қолында "Қытай экспансиясына жол жоқ", "Несие амнистиясы жариялансын!" деген жазуы бар плакаттар болды. Олар өз талаптарын айта бастап еді, әкімдік өкілдері олардың әрекетін тоқтатуға тырысты. Ал белсенділер "митинг өткізейік деп қанша рет әкімдікке өтініш түсірдік, ешқашан рұқсат алған емеспіз, бәрібір де сотталамыз, қудаланамыз" деп әкімдік өкілдеріне наразы болды. Алаңға жиналғандар саны барған сайын көбейе берді.

Әкімдік өкілдерімен сөйлесіп тұрған наразы тұрғындар. Шымкент, 13 қыркүйек 2020 жыл.
Әкімдік өкілдерімен сөйлесіп тұрған наразы тұрғындар. Шымкент, 13 қыркүйек 2020 жыл.

- Қазақтың жері Қытайға берілмесін, сатылмасын! Кешегі Қытай елшісінің [Чжан Сяоның]айтқан сөзі тым артық. Біз сіздерге билікті сеніп тапсырдық. Ал сіздер не істеп отырсыздар? Сіздер оданша Қытай елшісінен талап етіңіздер! - деді Ерғали Құлбаев әкімдік өкілдеріне.

Ал әкімдік өкілдері жаңа қабылданған заң бойынша мұндай шараны өткізуге биліктен рұқсат сұрау керектігін қайталап айта берді.

Полиция қызметкерлері оқиғаны бақылады. Жиынға келгендер өздерінің "Демпартия" митингісіне келгенін айтты.

Жексенбі күні қалада полиция екі белсендіні митинг орны ретінде белгіленген Наурыз алаңына жеткізбей үйінен ұстап әкеткен. Белсенділердің бірі Жарқынбек Сейтінбек Азаттыққа жеңсенбі күні таңертең алаңға келе жатқан жерде Дендросаябақ маңында өзін полиция ұстағанын, полиция бөлімшесіне апара жатқанын хабарлады. Белсенді Нұржан Мұхамедов Facebook-та тікелей эфирде сөйлеп жатқан кезде полиция қызметкерлері оны да ұстаған. Рұқсат етілмеген митингіге келеміз деген бірнеше белсендінің үйін полиция қарауылдаған.

Ал Шымкент қалалық полиция департаментінің кезекші бөлімінде отырған қызметкер түскі сағат 1-лер шамасында Азаттық тілшісіне қалада ешкімнің ұсталмағанын айтты.

Жексенбі күні Қазақстанның өзге қалаларында да "Демпартия" митингісі өтеді делінген еді. Ең ірісі Алматыда өтті.

Нұр-Сұлтан қаласындағы цирк алдына жексенбі күні сағат 11-ден бастап адамдар жинала бастаған. Митингі өтеді деп естіп келдік деген адамдар оннан асқан. Олар ұйымдастырушылардың жоқтығына таңырқаған. Көпшілігі өздерін тіркелмеген демрартия мүшесімін деп санамайды. "Демпартияның" Нұр-Сұлтанда митингі өткізу жөнінде әкімдікке хабарлағанын, я хабарламағанын білмейді. Әкімдіктің аты-жөнін айтпаған өкілінің сөзінше, демрартия митинг өткізетінін хабарламаған. Азаттық тілшілерінің көзінше полицияның екі қызметкері келіп, рұқсат етілмеген митингіге қатыспау керектігін ескертіп кетті.

Жексенбі күні "Демпартия" митингісі Ақтөбе, Қарағанды және Семейде де өтті. Бұған дейін "Демпартия" өкілдері Алматы, Қарағанды, Семей және Ақтөбе әкімдіктерінің митинг өткізуге рұқсат бергенін хабарлаған. "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамай "билік рұқсат берсе де, бермесе де митинг өткіземіз" деп айтқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG