Accessibility links

Қарағандыда митинг ұйымдастырушылар өздерін арандатуға тырысқанын айтты


Несие амнистиясы мен шетелдіктерге жер берілмеуін талап еткен митингіге қатысушылар. Қарағанды, 13 қыркүйек 2020 жыл.
Несие амнистиясы мен шетелдіктерге жер берілмеуін талап еткен митингіге қатысушылар. Қарағанды, 13 қыркүйек 2020 жыл.

13 қыркүйекте Қарағандыда 15 шақты адам қала орталығына жиналып, жерді шетелдіктерге жалға бермеуді, қытай экспансиясын тоқтатуды талап етті. Акцияны "Демократиялық партия" құрғысы келетін топ өкілдері ұйымдастырған. Бастама топ өкілдері бұған дейін Қазақстанның бірқатар қаласында митинг өткізетінін хабарлаған еді.

— Жер қазақстандықтарға тиесілі болуы тиіс. Кейбір ауылдық округтерде барлық жер жекеменшік болғандықтан мал жаятын жер қалмаған. Қолында билігі барлар миллиондап жер сатып алған. Халық басты функциясы - елдің иесі болудан қалды. Жер мәселесі қазақтар үшін, бәрі үшін ең өткір мәселе болып қалды деп ойлаймын, - деді белсенді Айтқожа Фазылов.

Қала билігі митинг өткізуге рұқсат бергенмен "барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау" керектігін айтып ескерткен. Демалыс күндері акцияға келгендердің бәрі маска тағып келген. Билік өкілдері жұрттан арақашықтықты сақтауды сұрады.

Митинг ұйымдастырушыларының айтуынша, Абай ескерткішінің маңында өткен акция кезінде кейбір адамдар митингінің күн тәртібін бұрмалап, ақпарат құралдарының назарын өздеріне назар аудартуға тырысқан. Азаттық тілшісі бірнеше адамның акцияға келгендердің пікірімен келіспей дауласқанын көрді. Тағы бір адам індет кезінде жиналуға болмайтынын айтып, наразылық шарасын айыптады.

— Неге соншалықты агрессия көрсетіп отырсыздар? Бәрі сондай [нашар емес қой]. Мен де шықтым, бірақ соншалықты көпіртіп айтудың қажеті жоқ қой, — деді әйелдердің бірі. Ол митингіден кейін кетуге асықты.

Қарағандыдағы митингіні ұйымдастырушы Теміртас Нағыметуллаев бұл әрекетті "арандату" деп атап, "бұлай боларын күткен едім" деді.

— Жұрт өздеріне хабарласып, ескерту жасағанын айтты. Халық тіпті рұқсат етілген бейбіт шеруге де келуге қорқады. Біз жер, жер кодексі мен несие амнистиясын айтқан кезде билікті жақтайтындар немесе "титушкалар", арандатушылар да сөйледі, ал билікшіл БАҚ оларды бірден түсіре қояды. Олар несие амнистиясы, жер маңызды емес деп айтты, — деді Теміртас Нағыметуллаев.

Полиция қызметкерлері мен азаматтық киім киген адамдар жекенбі күні алаңға келген наразылардан да көп болған. Акцияны бақылаған полицейлер видео түсірді.

Бұған дейін тіркелмеген "Демократиялық партия" жақтастарын 13 қыркүйекке митингіге шақырған еді. Осы аптада билік Алматы, Қарағанды, Семей, Ақтөбеде митинг өткізуге рұқсат берген. Шара тақырыптарының арасында қытай экспансиясына қарсылық, несие амнистиясы мен саяси тұтқындарды босату сияқты талаптар бар. Жексенбі күні акциялардың ең ірісі Алматыда өтіп, оған шамамен 150-200 адам қатысқан. Нұр-Сұлтанда өздерін "Демпартия" өкіліміз емеспіз деген топ митинг өтуі тиіс болған аумаққа барғанмен ұйымдастырушыларды таппай қайтқан. Шымкентте митинг басталмай тұрып, екі белсенді ұсталған, оннан астам белсенді алаңға жиналып, билікке талаптарын айтқан.

Жексенбі күні наразылық шарасына қатысқандар Жер кодексінің жекелеген даулы нормаларына жарияланған мораторий келесі жылы аяқталады, сол себепті ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сату немесе жалға беру мәселесі өткір мәселеге айналды дейді наразылар.

Саясаткер, белсенді Жанболат Мамай бастаған "Демократиялық партия" құрғысы келетін топ бұған дейін партияны тіркеуге күш салғанмен ресми түрде тіркете алмағанын айтқан еді. Ақпан айында бастама тобы партияның құрылтай съезін өткізуге тырысқанмен биліктің қысымына байланысты өткізуден бас тартатынын хабарлаған.

Қазақстан заңы бойынша партияны тіркеу үшін ұйым кемінде мың адам қатысқан құрылтай съезін өткізіп, кемінде 20 мың қол жинау керек. Қазақстандық құқық қорғаушылар партиялар, митинг және сайлау туралы заңнамада шектеулер көп деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG