Accessibility links

Батыс Қазақстан облысындағы ауылда індет қайта өршіп, карантин күшейтілді


Жабылған базар. Көрнекі сурет.
Жабылған базар. Көрнекі сурет.

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының әкімшілік орталығы Федоровка ауылында карантин күшейтілді. Соңғы аптада бұл ауылда он адамнан коронавирус табылған.

12 қыркүйектен бастап елді мекенде азық-түлік және азық-түлік емес базарлар, сауда орталықтары жабылған. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс істеуіне тыйым салынған. Тек сыртта орындары бар 30-дан аспайтын шағын дәмханалар ғана жұмыс істеп жатыр. Тұрғындар мейрамхана, дәмхана, асханалардан тамақты тек сатып алып кете алады. Азық-түлік дүкендері ашық.

Билік спорт алаңдары, саябақтар мен алаңдарды жапқан. Қоғамдық көлік жұмысының уақыты да шектелген. 65 жастан асқан адамдарға көшеге өте қажет жағдайда ғана шығуға кеңес берілген.

Батыс Қазақстан облысында ресми статистика бойынша, наурыз айынан бері 6 809 адамнан коронавирус табылған, 100 адам қайтыс болған. Коронавирусқа ұқсас пневмонияға қанша адамның шалдыққаны белгісіз. Денсаулық сақтау министрлігі аймақтағы жағдай туралы жеке мәлімет беруге уәде бергенмен әзірге уәдесін орындамады.

Санитар мамандар облыстағы эпидемиологиялық ахуалды "салыстырмалы түрде тұрақты" деп бағалайды.

Коронавирус жұқтырғандар санының азаюына байланысты билік 17 тамыздан бастап шілде айының басында енгізген карантин шараларын жеңілдете бастаған еді.

Батыс Қазақстан облысы вирус жұқтырғандар саны жағынан республикада бесінші орында (Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары және Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан кейін) тұр.

Соңғы мәлімет бойынша, елде коронавирус пен covid-ке ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны 136 513 адамға жеткен. Кемінде 1999 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG