Accessibility links

Лукашенко "сайлаудан кейін қолдау білдірген" Путинге алғыс айтты


Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, Ресей. 14 қыркүйек, 2020 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, Ресей. 14 қыркүйек, 2020 жыл.

Ресей Беларуське 1,5 миллиард доллар несие береді. Мұны Сочиде Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесу кезінде Ресей президенті Владимир Путин айтты. Оның айтуынша, несиенің техникалық жағын екі елдің қаржы министрлері әзірлеп жатыр.

Президент сайлауында қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенко жеңімпаз деп жарияланғалы Беларусьте ондаған мың адам қатысқан наразылық шаралары толассыз өтіп жатыр. Осы оқиғаларды сөз өткен Путин “сырттан ешкімге ақыл айтқызбай-ақ елдегі қалыптасқан жағдайды беларусьтер өздері шешуі керек” деді. Бұған қоса ол Ресей Беларусьті ең жақын одақтасы деп санайтынын және “Одақтық мемлекет келісімі мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясындағы міндеттемелерін орындайтынын” айтты.

Минск, 2020 жылғы 31 тамыз.
Минск, 2020 жылғы 31 тамыз.

Лукашенко “сайлаудан кейін көрсеткен қолдауы үшін” Путинге және Ресей басшылығына алғыс білдірді. “Дос басыңа іс түскенде танылады” деген Лукашенко жаппай наразылық жүріп жатқан Беларусьте жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтты. “Бұл оқиғалар аға ұлтпен жақын болу керектігін аңғартты” деді Лукашенко.

Путин мен Лукашенко қазір Белаусьте жүріп жатқан бірлескен әскери жаттығудың жайын талқылады. Путин жаттығу біткен соң Ресей әскерилері елге қайтып оралады деп ескертті.

  • Мұның алдында Ресей қаржы министрі Антон Силуанов екі ел Беларусьтің Ресей алдындағы 1 миллиард доллар қарызын қайта қаржыландыру мәселесін пысықтап жатқанын айтқан. Беларусь билігі ұлттық валюта бағамын ұстап тұру үшін тамыз айында 1,4 миллиард доллардай қаржы жұмсады делінеді. Бұл – елдің алтын-валюта қорының 15 пайызы. Путин Беларуське береміз деген қаржы көлемі осы сомаға жуықтайды.
  • “Открытые медиа” басылымының есептеуі бойынша, Ресей Лукашенко режимін қолдауға 25 жылда 98,7 миллиард доллар ақша жұмсаған. Ал инфляцияны есепке алар болсақ, бұл шығынның көлемі 2019 жылы 116,1 миллиард доллар болған.

Кездесу қарсаңында Лукашенко мен Путиннің басқосуы журналистердің қатысуынсыз өтеді деп хабарланған. Дегенмен, Ресей телеарналары екі президенттің әңгімесінен үзінді көрсетті.

Лукашенко Путинмен кездесу үшін Минскіден Сочиге 14 қыркүйек таңертең ұшып барды. Келіссөз Мәскеу уақытымен сағат 14-тен кейін басталды.

Беларусьтің бұрынғы ұлттық туын жамылған наразы әйел арнайы жасақтың алдында тізерлеп тұр. Минск, Беларусь. 13 қыркүйек, 2020 жыл.
Беларусьтің бұрынғы ұлттық туын жамылған наразы әйел арнайы жасақтың алдында тізерлеп тұр. Минск, Беларусь. 13 қыркүйек, 2020 жыл.

Бұл – Александр Лукашенконың 9 тамыздағы президент сайлауынан бергі шетелге алғашқы сапары. Беларусьте сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген жұрт бір айдан астам уақыт бойы наразылық білдіріп жатыр. Ел оппозициясы да, Батыс мемлекеттері де сайлау нәтижесін мойындамайды, олардың айтуынша, сайлау кезінде жаппай бұрмалау болған.

Беларусь оппозициясы мен Батыстың бірнеше елі қазіргі жағдайда Лукашенко интеграция бойынша Путиннің көп талабына көнуі мүмкін, бұл іс жүзінде Минскіні Мәскеуге бағынышты етіп қоюы ықтимал деп болжайды. Сайлауда Лукашенкоға қарсылас болған оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская Владимир Путинге: “Сочиде қандай құжат қабылдасаңыз да, қандай келісімге келсеңіз де оның заңдық күші болмайды. Заңсыз [президент] Лукашенко қол қойған барлық келісімдерді жаңа билік қайта қарайды. Беларусь халқымен емес, диктатормен диалог жүргізуді ұйғарғаныңыз өкінішті” деді.

  • 2013 жылғы желтоқсанда Путин Украинаға 15 миллиард доллар несие беру жөнінде сол елдің президенті Виктор Януковичпен келіскен. Мәскеу 3 миллиард долларды беріп те үлгерген. Арада екі ай өткенде Майдан көтерілісі нәтижесінде Янукович елден қашты. Қырым аннексияланып, Украинаның шығысындағы Донбасс аймағында соғыс басталғанда Янукович Ресейден алған 3 миллиард долларды қайтарудан бас тартқан. Бұл іс бойынша сот процесі әлі жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG