Accessibility links

Тихановская БҰҰ-дан Беларуське тексеру тобын жіберуді сұрады. Жиынға ресми Минск өкілі де қатысты


БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесінің шұғыл жиынында сөйлеп тұрған Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская.
БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесінің шұғыл жиынында сөйлеп тұрған Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская.

Беларусь президент сайлауына оппозиция атынан қатысқан Светлана Тихановская БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңесі алдында сөз сөйлеп, ұйымнан Беларусьтегі адам құқығын бұзу фактілерін тіркеу үшін тексеру тобын жіберуді сұрады. Беларусь оппозициясының өкілі республикадағы жағдайға халықаралық қауымдастық араласу қажет деді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Еуропада тағы "темір шымылдықтың" пайда болу ықтималдығына алаңдады.

18 қыркүйекте БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесінің шұғыл отырысына видеобайланыспен шығып, сөйлеген оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская беларусь билігін наразыларға күш қолдануды тоқтатып, жаңадан әділ сайлау өткізуге шақырды.

"Билікпен диалог орнатуға дайын екенімізді және халқымызға әсер еткен дағдарысты бейбіт жолмен шешу амалдарын іздестіріп жатқанымызды атап өткім келеді" деді ол.

Бір күн бұрын Еуропарламент 5 қарашада қазіргі президент өкілеті аяқталғаннан кейін Александр Лукашенконы елдің заңды президенті деп танудан бас тартатынын мәлімдеген. Оппозиция мен Батыс елді 26 жыл басқарған Лукашенко әділетсіз сайлаудың көмегімен билігін ұзартты деп есептейді.

17 қыркүйекте Лукашенко Литва, Польша елдерімен шекарасын жауып, Украинамен шекарада қауіпсіздікті күшейтетінін айтқан еді. Ол ешбір елдің "сайлау қорытындысын мойындауына зәру еместігін" айтып, Батысқа шүйліккен.

9 тамыздан бері жалғасып келе жатқан наразылық шараларында мыңдаған адам ұсталды, жүздеген адам соққыға жығылды. Оппозиция жетекшілерінің басым бөлігі күшпен елден шығарылды немесе қамалды. Лукашенко оппозициямен диалог орнатудан бас тартып отыр.

"Еуропа құрлығында "темір шымылдықтың" қайта пайда болуына жол бермейік" деді БҰҰ-да Беларусьтегі жағдай бойынша баяндама жасаған Анаис Марин. Ол жағдайдың "өте күрделі" екенін айтты.

Беларусьте наразылықты басу кезінде 10 мың адамның қамалғанын айтқан Мариннің сөзін Беларусь, оның одақтасы Ресей және өзге елдерден келген делегация мүшелері бірнеше рет бөлді.

Беларусьтің Женевадағы елшісі Юрий Амбразевич "елдегі сайлауға кедергі жасау үшін ұйымды пайдалануға болмайды" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG