Accessibility links

БҰҰ Адам құқығы кеңесі Беларусьтегі жағдай бойынша резолюция қабылдады


Светлана Тихановская БҰҰ Адам құқығы жөніндегі кеңесі алдында сөз сөйлеуі. 18 қыркүйек 2020 жыл.
Светлана Тихановская БҰҰ Адам құқығы жөніндегі кеңесі алдында сөз сөйлеуі. 18 қыркүйек 2020 жыл.

БҰҰ Адам құқығы жөніндегі кеңесі Беларусь Республикасындағы жағдай бойынша резолюция қабылдады. Кеңес жиынына қатысқан 23 елдің өкілі резолюцияны қолдап дауыс берсе, 22 өкіл қарсы дауыс берді, екі адам қалыс қалды. Резолюцияда адам ұрлау, негізсіз депортациялау, сексуалды зорлық-зомбылық, қорлау фактілері келтірілген. Құжатта құқық қорғау органдарының бейбіт демонстранттарға қарсы зорлық жасағаны айтылады.

Кеңеске мүше елдер «бейбіт демонстранттарға қарсы әсіре күш қолдануды тоқтатуға», негізсіз ұстап әкетуді доғаруға және «саяси тұтқындар мен журналистерді, адам құқықтарын қорғаушыларды» және шеру кезінде ұсталғандарды» босатуға шақырды.

БҰҰ Адам құқығы жөніндегі кеңесі Беларусь билігін «саяси оппозициямен, Координациялық кеңеспен және азаматтық қоғаммен диалог құруға» және адам құқықтары саласындағы нормаларға сәйкес міндеттерді орындауға шақырды.

Жұма, 18 қыркүйек күні өткен кеңес жиынында резолюция қабылданбас бұрын Беларусь оппозициясының атынан президент сайлауына қатысқан Светлана Тихановская сөз сөйлеп, Беларуське адам құқықтарының бұзылуын анықтау үшін тексеру тобын жіберуді сұрады. Жиынға видео байланыс арқылы қатысқан Тихановская Беларусьтегі жағдайға халықаралық араласудың қажетін айтты.

Минсктің ресми өкілі Юрий Амбразевич Тихановскаяның сөзін тоқтатуды сұрады. Оның айтуынша, Тихановскаяның сөз сөйлеуі жиын процедурасында қарастырылмаған. «Беларусь Республикасының жеке сайланған азаматтарының сөз сөйлеуі қисынға келмейді» деді ол. Беларусь билігінің өкілі сондай-ақ елде саяси тұтқындар жоқ, шеру кезінде ұсталғандарға қарсы сексуалды зорлық көрсетілмеді деді.

Дебаттың доғарылуын Ресей, Қытай және Венесуэла елдері де талап етті. Бұл елдердің өкілдері шұғыл дебаттың форматы бұзылды деді.

Бір күн бұрын ЕҚЫҰ-ның Беларусьтегі адам құқығының бұзылу-бұзылмау мәселесін тексере бастағаны мәлімделген. Ұйымның эксперттік тобына 15 еуропалық елдің және Канада мен АҚШ-тың өкілдері кірді. Олар өз қорытындысын екі ай ішінде жасауы керек.

ЕҚЫҰ мәлімдемесінде осыған дейін Минскінің ЕҚЫҰ-ның билік пен оппозиция арасында диалог орнатуға көмектесу жөніндегі ұсынысына жауап бермегені айтылады.

Беларусьтегі президент сайлауы 9 тамыз күні өтті. Орталық сайлау комиссиясы сайлау нәтижесі бойынша елді 26 жыл бойы басқарып келген Александр Лукашенконың 80 пайыз дауыспен жеңгенін мәлімдеді. Беларусь оппозициясы мұнымен келіспей, сайлау нәтижесі бұрмаланған деп наразылық акциясына шықты. Наразылық шерулері осы күнге дейін өтіп келеді. Оған тұрақты түрде жүздеген мың адам қатысып отыр. Наразылықтың алғашқы күндері полиция аса қатты қатыгездік танытып, ел билігіне көңілі толмайтындар қатары артты. Қарсылық шерулеріне зауыт-фабрика қызметкерлері де қосылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG