20 қыркүйек күні Қазақстанда коронавирус пневмониясына шалдыққан 62 адам анықталды. Пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрінен 1 адам қайтыс болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазақстанда 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандар саны 31 148 адамға жетті. 26 709 адам жазылған, 344 адам қайтыс болған.
Өткен тәулікте коронавирус жұққаны ПТР тестімен расталған 4 адам қайтыс болған. Наурыз айынан бері 1699 адам көз жұмған.
Қазір 3 667 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. 36-сы – бала. Стационарда – 1 873, амбулаторлық жағдайда 1 794 адам емделіп жатыр. 97 адамның жағдайы ауыр, 13 адамның жағдайы – өте ауыр, 17 адам аппарат тыныс алу аппаратына қосылған.
Қазақстан зертханалық талдаумен расталмаған коронавирус пневмониясының есебін тек 1 тамыздан бастап – індеттің беті қайтқанда жүргізе бастады. Мәселен, 1-8 шілде аралығында 56,8 мың адамнан пневмония анықталса, оның 39,7 мыңында (70 пайызында) коронавирус белгілері байқалған. Бірақ мұның ешқайсысы коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға кірмеген. Коронавирус пневмониясының есебі жүргізіле бастаған 1 тамызға дейін 256 мың пневмония науқасы тіркелген. Бұл – өткен жылғыдан 3,3 есе көп көрсеткіш. Денсаулық сақтау министрлігі оның қаншасынан коронавирус белгілері байқалғанын айтпады.
ПІКІРЛЕР