Күнделікті қарбалас шаруамен жүргенде Азаттықтағы маңызды мақалаларды, видеорепортаждарды, фотогалереяларды көрмей қалуыңыз мүмкін. Осы аптада сайтымызда шыққан жеті үздік хикаяны қаперлеріңізге тағы бір мәрте саламыз.
Қайырлы таң, Калачи! Ұйықтаған ауыл қазір қалай өмір сүріп жатыр?
2013 жылы Қазақстанның солтүстігіндегі Калачи деп аталатын шағын ауылда белгісіз дерт басталған: адамдар бірнеше тәулік қатарынан ұйықтап, оларды дәрігерлер де оята алмаған. Ауылға арнайы келген ғалымдар да аурудың себебін анықтай алмады. Билік жергілікті халықты басқа жаққа көшіруді ұйғарды, бірақ көшкісі келмеген кейбіреулер ауылда қалды. Азаттық Калачиге барып, бір кездері "ұйқы дертіне" шалдыққан ауылда қалған тұрғындардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен, мемлекетке қойған талаптарымен танысып қайтты. Мақала мен деректі фильмнің толық нұсқасын мына жерден таба аласыз.
Адриан Зенц: Шыңжаңдағы зұлымдыққа саналы түрде қол қусырып қарап отырмыз
Азаттық Қытайдың Шыңжаң аймағындағы жағдай туралы кейінгі уақытта жарияланған ең танымал зерттеулердің авторы, Вашингтондағы коммунизм құрбандары мемориалдық қорының аға ғылыми зерттеушісі Адриан Зенцтан сұхбат алды. Оның Қытай билігі Шыңжаңдағы түркітілдес ұлттардың бала тууын шектейтіні туралы баяндамасынан кейін әлем елдер "демографиялық геноцид" туралы айта бастаған. Сұхбаттың толық нұсқасын оқи отырыңыздар.
FinCEN Files: Әблязов пен Храпуновтар әлемдік банктер арқылы күдікті қаржыны "айналымға салған"
Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумының (ICIJ) 20 қыркүйекте жариялаған жаңа зерттеуіндегі дерекке сай, әлемдегі белді банктер кейінгі жиырма жылда олигархтарға, қылмыскерлер мен террористерге 2 триллион доллардан аса күдікті қаржыны алып-салуға, жасыруға рұқсат берген. Құжат не туралы және онда қазақстандықтар туралы дерек бар ма? Азаттық зерттеу туралы мақаласын оқимын десеңіз, сілтемені басыңыз.
Айман Тұрсынхан: Мемлекет халықтың алдында техникалық дефолтқа ұшырады
Экономист, Eximar форсайт агенттігінің директоры Айман Тұрсынхан Азаттыққа берген сұхбатында "реформа бойынша" жұмыс істейтін жаңа ведомстволар құру нені білдіретіні, оған кірген адамдарға қандай міндет жүктелетіні, биліктің қазақстандықтарға зейнетақы қорында жиналған ақшасын мерзімінен бұрын алуға рұқсат беруінің астарында не жатқаны, кедейлік деңгейі қалай өзгеретіні туралы ой бөлісіп, "Тағы бір девальвация бола ма?" және "Қазіргі дағдарыс қаншалықты ұзаққа созылуы мүмкін?" деген сұрақтарға жауап іздеп көрді. Сұхбаттың толық нұсқасына өтіңіз.
Күзет күшейіп, адамдар ұсталды. Митинг жоспарланған күні не болды?
Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов билікке қарсы бейбіт митингіге шақырған 25 қыркүйек күні Қазақстанның бірер қаласында күзет күшейіп, Нұр-Сұлтан мен Ақтөбеде бірнеше адам ұсталды. Азаттық Қазақстанның бірнеше қаласынан репортаж жасады.
Шындық іздеу. Онкологиялық дертке шалдыққан қарағандылық журналист шенеуніктерді сотқа берді
Ирина Московка екі жылдан бері онкологиялық ауруын емдетіп жүр. Биыл бірнеше ай бойы дәрі-дәрмек ала алмаған. Ол "пандемия кезінде дәріханалардан дәрі іздеп сабылып, басымды қатерге тіктім" деп есептейді. Мемлекет онкологиялық ауруы бар науқасты тегін емдеуге міндетті. Неге олай болмағанын анықтау үшін Ирина сотқа жүгінді.
"Порновидеоға бола итті азаптаған". Қазақстанда жануарды қинаған қаныпезердің жазасыз қалатыны қалай?
Жануарлар құқығын қорғаушылар Нұр-Сұлтан қаласындағы қараусыз қалған жануарларға тұратын изолятордан жыныс мүшесі зақымданған иттерді тапқан. Еріктілер жануарларға белгісіз біреулер зорлық көрсеткен деп санайды, мұны ветеринар дәрігердің қорытындысы да растайды. Иттерді асқан қатыгездікпен қинағанына дәлел бұл оқиға қоғамда жануарларды қорғау заң жүзінде ақсап тұрғанын тағы да еске салды. Азаттық мақаласын оқи отырыңыз.
ПІКІРЛЕР