Accessibility links

Беларусьте наразылықтың 50-күні жүздеген адам ұсталды


Арнайы жасақ өкілдері ер адамды ұстап жатыр. Минск, 27 қыркүйек 2020 жыл.
Арнайы жасақ өкілдері ер адамды ұстап жатыр. Минск, 27 қыркүйек 2020 жыл.

Беларусьте Александр Лукашенкоға қарсы наразылықтың 50-күні милиция жүздеген адамды ұстап, наразыларға көзден жас ағызатын газ шашып, түтін құтылар қолданды. Жексенбі күні оппозицияның ақ-қызыл түсті туын ұстаған жүз мыңнан астам адам Минскіде шеру жасап жүрді. Олар "фашист", "масқара" деп айқайлап, Лукашенко мен оның үкіметінің жауапсыз әрекетін сынап, айыптады.

Гомельде балаклава киген арнайы күш жасағы жиналған адамдарды тарату үшін оларға көзден жас ағызатын газ шашып, әуеге оқ атты. Гродно қаласында да арнайы күш демонстранттарға газ шашқан.

Беларусь ішкі істер министрлігі жексенбі күні елде шамамен 200 адам ұсталғанын растады. "Весна" құқық қорғау тобы ұсталған 341 адамның аты-жөнін жариялады. Тізім күн бойы жаңарып жатты. 23 қыркүйекте Лукашенконың жасырын инаугурациясынан кейін елде наразылық ушыққан еді. Демалыс күні оппозиция президент сайлауына қатысқан Светлана Тихановскаяның "халықтық инаугурациясын" өткізді.

Беларусьте 9 тамыздағы президент сайлауынан бері күн сайын наразылық акциялары өтіп келеді. Демонстранттар Александр Лукашенконы жеңімпаз етіп көрсеткен сайлау нәтижесімен келіспейтінін, оппозиция кандидаты Светлана Тихановскаяның жеңгенін айтады. Алғашқы күндері жаппай наразылық кезінде арнайы жасақ дөрекі күш қолданып, наразыларды таратқан. Шеру кезінде кемі төрт адам қаза тапқан, алты адам із-түссіз жоғалған. Жүздеген адам жарақаттанған.

Батыс елдері Беларусь билігінің бейбіт шеруге шыққандарға күш қолдануын сынап, президент сайлауының қорытындысын мойындамады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG